Халықаралық сауда, транзиттік тасымалдар мен жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 2030 жылға дейін 37 шекаралық нысанды кезең-кезеңімен қайта жаңарту жоспарланып отыр.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қазақстан-Қырғыз және Қазақстан-Ресей шекараларында алты басым жобаны іске асыруға кірісті (Бесағаш, Қарасу, Сырым, Әлімбет, Жаңа Жол және Қосақ өткізу пункттері). Алдағы уақытта атқарылатын тағы алты жоба пысықталуда, олар: Тасқала, Үрлітөбе, Құрманғазы, Ақсай, Қайрақ және Камышановка.
Өткізу пунктерін жаңғырту аясында көліктерді өткізу қабілеті артып, азаматтар мен сауда өкілдері үшін шекарадан қолайлы әрі тез өтуге жағдай жасалмақ. Сондай-ақ,бағдарлама шекара маңында орналасқан аймақтардың дамуын ынталандырып, республиканың халықаралық көлік дәліздеріне ықпалдасуын күшейтеді.