23 июня, 2025
Елімізде медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа тұжырымдама дайындалып жатыр

Елімізде медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа тұжырымдама дайындалып жатыр

Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірігіп, медициналық ұйымдарда қоғамдық тәртіпті сақтап, қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне күш көрсету жағдайларын болдырмауға арналған ортақ тұжырымдаманы айқындады.

Медициналық мекеменің қауіпсіздік талаптары көрсетілетін медициналық көмектің түрі мен деңгейіне және пациенттердің ағынына қарай әзірленетін болады.

«Медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әрбір адам заңға сәйкес қатаң жазалануы тиіс. Ешбір жағдай мұндай әрекетті ақтай алмайды. Әрбір дәрігер, фельдшер, мейіргер – біз үшін қымбат. Біз — біртұтас командамыз. Әрбір маман өзін қауіпсіз сезінуі тиіс», — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағандыда пациенттің туысы тарапынан шабуылға ұшыраған балалар дәрігерлеріне барған сапарында.

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған кешенді шаралар Денсаулық сақтау министрлігінің өзінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен әзірленетін болады.

Соңғы 5 жылдың ішінде медицина қызметкерлеріне күш қолдану арқылы жасалған 160-қа жуық шабуыл тіркеліп, олардың салдарынан дәрігерлер әртүрлі деңгейде жарақаттар алған.