Қазақстанда есірткі және психотроптық препараттардың тізімі кеңейтілді деп хабарлайды Polisia.kz.
Тізімге 8 жаңа позиция қосылды. Үкіметпен осы психоактивті заттардың қылмыстық мөлшерін айқындай отырып, мемлекеттік бақылауға енгізу жөнінде кезекті қаулы қабылданған.
Жаңа тізімді Пара-флюорофентанил, Брорфин, Метонитазен есірткі заттары: 3-метоксифенциклидин, Эвтилон, Клоназолам, Диклазепам, Флубромазолам психотроптық заттар және 4-метилпропиофенон есірткі өндірісінде қолданылатын Прекурсор толықтырып отыр.
“Аталған заттар Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен Еуразиялық экономикалық одақта бақылауға жататын есірткілер тізбесіне енгізілген. Бұл олардың бақылаудағы заттардың ұлттық тізіміне енуіне негіз болды”, – деп бөлісті ІІМ-де.
Қазіргі уақытта есірткіні тізімге енгізу процедурасы шамамен бір айға созылады. Ол үшін күдікке ілінген заттар Еуразиялық одақ елдерінің тізбелерінде немесе БҰҰ-ның есірткіні бақылау жөніндегі Халықаралық Комитетінің ұсынымда болуы қажет.
Қазақстанда азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін осындай 700-ге жуық зат бар екені белгілі болды.