Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға қатысты бірқатар жұмыс тындырылды. Кешегі қабылданған заң соның бір айғағы. Өзім сияқты азаматтар бұны уақтылы қабылданған, қоғамға керек құжат деп бағалап жатыр.
Әр заң елге, қоғамға пайдалы болуға тиісті. Олай болмаған жағдайда оның өзектілігі жойылды деп санауға болады. Кешегі құжат Әділетті Қазақстан ұстанымдарымен үндескен дер едім. Негізгі мақсаты әлеуметтік әділдік орнатуға негізделген. Лауазымды тұлғалар «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермей, мемлекет игілігіне, халықтың мүддесін ойлап жұмыс істеу керек екенін біліп жүреді. Менің пікірімше, заңсыз шетел асқан қаржы елге қайтарылғанда ұлттық қорға түсуі қажет. Одан әрі әртүрлі салаларға бөлінуге тиісті. Елдің байлығы, қаржылай мүмкіндігі әуелден осы жүйеге сай жұмыс істегенде қазіргіден де мықты болар ма едік деген ой келеді.
Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган – Бас прокуратура қадағалайды екен. Мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер арқылы мониторинг пен талдау жүргізіліп отырады екен. Жүйелі жұмыс осылай жасалса керек.
Енді билік басына барған азаматтар мемлекеттік қызметті баюдың, шылқымайға батудың бір жолы деп қарамайтын болады. Елді басқарудың екінші аты – халыққа қызмет ету. Азаматтар бірдеңе жымқырамын деп емес, бірдеңе тындырамын деп билікке ұмтылуы керек.
Нұрлыбек БӨГЕТБАЙҰЛЫ,
Аманкелді аудандық мәслихатының депутаты,
жеке кәсіпкер