Қостанай қаласындағы «Осьминог» еліміздегі қолданыстағы жабық типтегі аквопарктердің арасында ең үлкеніне айналмақ. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары 70% орындалды. Мердігер ұйым «Alem Qurylys AQ» ЖШС қалған шаруаны шілдеге таман аяқтап, тамыз айында іске қосуды жоспарлап отыр. Осылайша нысанды мерзімінен бұрын қолданысқа бермекші.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс алаңына барып, істің жай-күйімен танысты. Мердігердің жұмысына жақсы деген баға берді.
Ғимараттың алып жатқан жалпы аумағы 8 гектар. Аквопарктің ауданы — 9089 шаршы метрді құрайды. Бұл дегеніңіз – бұрынғы нысанмен салыстырғанда екі есеге жуық үлкен. Су аймағы 3 еседен астам ұлғаяды. Нәтижесінде республика бойынша ең ірі жабық типтегі аквопарк болады.

«Нысанның бір мезетте қабылдау қуаты – 500 адам. Сонымен қатар, 7 бассейн болады. Оның екеуі джакузи. Ал біреуі кішкентай бүлдіршіндерге арналып жасақталмақ. Ересектер үшін гидромассаждық жабдықтармен қамтылған акватоник аймағы жасалады», – деген жоба жетекшісі Рауан Байгенжин болашақ аквопарктің бейнесін экраннан көрсетіп, таныстырды.
Бассейндегі ең ұзын сырғанақ шаттл деп аталады. Оның ұзындығы 75 метрге дейін жетеді. Буфет аймағы, санитарлық тораптар, ана мен бала бөлмелері, төменгі деңгейге түсетін баспалдақ орнатылады. Киім ауыстыратын жер әйелдер мен ерлерге бөлек, әрқайсысына 200 шаршы метрден арнайы орын қарастырылған және 500 шкафтан қойылады.
Бұрынғы аквопаркке Әл-Фараби көшесі жағынан кіретінбіз. Жаңа ғимараттың есігі Бородин көшесі жағынан шығарылыпты. Әл-Фараби көшесіндегі «Қостанай» телеарнасына іргелес игерілмей жатқан жер абаттандырылып, үлкен саябаққа айналады.
Ғимараттың сыртындағы жұмыс 74 % атқарылды. Желілерді тартуды 10-шілдеге дейін тәмамдайды. Шілденің соңына қарай маңайын абаттандыру ісі де межеге жетіп қалады.
Көлік тұрағы арнайы жоба. Ол үшін 169 автокөлік сыйатын үлкен аумақ қарастырылып отыр. Бассейндерге орнататын сырғанақтардың материалдары қазірдің өзінде дайын. Мердігер түрік өндірушілерінің сапалы тауарларын тапсырыспен алдырыпты.
Облыс басшысы құрылыстың қарқынына көңілі толатынын жеткізді. Балалар мен жастарға арналған жайлы демалыс орындарын көбірек салу қажеттігін баса айтты. Аймақ көлемінде жүзеге асып жатқан ірі жобалар кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін атқарылып жатқанын еске салды.

«Мемлекет басшысы ел экономикасының жыл сайын 6%-ке өсуі туралы аса маңызды міндет қойды. Президенттің тапсырмасын екі жыл бойы орындап келеміз. Яғни 2024 жылы экономика өсімін бекітілген 6%-тен асырып, 8,3%-ке қол жеткіздік. 2025 жылы 7% жоспарлап, 8,2%-ке орындадық. Соңғы 3 жылда біз маңызды экономикалық көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсімге қол жеткіздік. Облыс бюджеті 1,5 есеге, орташа жалақы 1,5 есеге, негізгі капиталға инвестиция 1,6 есеге өсті. 2025 жылы 47 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етілді. 26,4 мың жұмыс орны ашылды», – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов астықты өлкенің дамуын нақты көрсеткіштермен баяндады.
Қостанай экономикасының өсу қарқынын аймаққа келушілердің саны арқылы да бағамдай беруге болады.

Мысалға, 2022 жылы Қостанай қаласының әуежайы 295 мың адамға, 2025 жылы 450 мың адамға қызмет көрсеткен. Биылдыққа 500 мың адамды қарсы алып, шығарып салды. Яғни келушілер саны жылма жыл артуда. Мұның өзі Қостанай облысы меймандар мен туристердің назарына ілікті деген сөз.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
