Бүгін ертелетіп Арқалық қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша азаматтық қорғау саласының кешенді оқу-жаттығу жұмыстары қолға алынды.
Жазғы жауыннан кейін Арқалық жылу энергетикалық компаниясының кеңсе ғимаратының алаңқайына сап түзеген қала мекемелері мен ұжымдары, күштік құрылымдар қала әкімі Әмірхан Асанов бастаған жедел топ алдында өздерінің қолда бар мүмкіндіктері яғни, апаттың алдын алудағы іс-қимылдары, техникалық жағдайы, мамандардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы жөнінде есептерін берді.
Қала басшысы әр ұжымға жеке-жеке тоқталып, олардың төтенше жағдайлардың алдын алудағы іс-әрекеттері жөнінде жан-жақты сұрап білді.

Дабылдан кейін қанша уақытта жиналып дайын болуы, әрқайсының тікелей атқаратын міндеттері, жалпы ережелерді сақтау бәрі-бәрі ескерілді.
«Апатты жағдайлардың алдын алу жөнінде жеке құрамдардың іс-әрекеті сарапталып, шынайы тәжірибе түрінде оқу-жаттығу өткізіп жатырмыз. Жаттығу барысында мамандардың білімдерін арттырып, оларға әдістемелік көмек көрсетілуде. Жергілікті атқарушы органдар оқу-жаттығу жұмыстарына белсенділікпен қатысып, төтенше жағдайлардың алдын алудағы жақсы әзірліктерін танытты», – дейді Қостанай облысы төтенше жағдай департаментінің азаматтық қорғау басқармасының басшысы, подполковник Қуатбек Кенжебекұлы.
Төтенше жағдайлардың жолын кесуге бағытталған іс-шаралар тәжірибе жүзінде де жалғасып, төтеншеліктер тарапынан тыңғылықты бақылану үстінде.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
