Ғасырлар тоғысының тынысын кемеңгер Абай атамыздың көзқарасымен сараптап, қазіргі қолданыстағы түйткілді ертеңгі ұрпақтың санасында жаңғырту айтулы жиынның өзегіне айналды.
Ұлы тұлғаның өмірінен көріністер Ілияс Омаров атындағы облыстық драмма театр әртістерінің сахналауымен келушілердің назарына жол тартты.
Абай әнімен тербеген өнерпаздар, бейнесін кескіндеген қылқалам шеберлері ортаға ерекше әр бере түсті.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Абай қазаққа қалай кеңірек танылғаны жайында бірқатар деректерді ортаға салды.
«Абай өздеріңіз білесіздер, ХХ ғасырдың басында Қарауылтөбеде дүниеден өткен болатын. Ол кезде байланыс жоқ. Алтай мен Атыраудың арасы үш мың шақырым жер. Сол жерден Абайдың есімі алғаш қалай таралған? Қазіргі зерттеулерге сүйенетін болсақ, 1905 жылы «Семейпалатниский листок» басылымында Абайдың дүниедін өткені жайлы қазанама шықты. Осы сәтте баспа бетінде Абайдың есімі тұңғыш аталды. 1907 жылы Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов ұйымдастырған басылымда қазанама тағы жарияланған. Одан кейін 1908 жылы Орынбордағы «Уақыт» газетінде Абайдың өмірі, ақындық өнері жайлы көлемді мақала шыққан. Яғни, бұл шығарма Абай дүниеден өткеннен кейін төрт жылдан кейін Абайдың туған жері Семей өңірінен шамамен үш мың шақырым жердегі Орынборда жарық көріп отыр. Араға бір жыл салып, 1909 жылы Петербургте ақынның ұлдары Кәкітай мен Тұрағұлдың ұйымдастыруымен Ибрагим Құнанбаевтың өлеңдер жинағы мың данамен жарық көрді. Сол кітап шыққаннан кейін Абайдың есімі әлемге әйгілі бола бастады», – деді Бақытжан Нарымбетов.
Кейін Бөкей ордасында «Қазақстан» деген ресми атаумен газет жарық көрді. Осы басылымда «Әдебиет таңы» атты мақала басылады. «Абай Құнанбайұлы бірінші ақын» деп сол материалда алғаш жазылған. Алаштың зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетіне: «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді», деп жазады
Осылайша, Абайдың өмірден өткеннен кейін он жыл ішінде жаһанға танымал болғанын тарих беттері көрсетіп берді. Сол заманда айтылған құнды дүниелер жаһандану заманында да үлкен маңызға ие болып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары елде болып жатқан реформалармен байланыстыра сөз етті.
«Абай – ұлттық идеологияны ғылыми тұрғыда негіздеген бай әрі күрделі феномен. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, Абайдың шығармалары қазақ халқының мәдени, әлеуметтік және рухани өмірінің қалыптасуына ерекше рөл атқарады. Абай ғылым мен білімді басты өмірдегі құндылық деп санаса, жастарды білімге үндейді. Осы жерде адамгершілік пен елдікті жоғары қояды. Еліміздің ұстанып отырған саясаты да осы бағытта жаңғыру үстінде. Абай еңбексүйгіштікті басты өмірлік қағида ретінде ұсынды. Биыл білесіздер, Мемлекет басшысы бұл жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Әрбір адамның еңбекке бейімделуі қоғамның өркендеуінің кепілі екені даусыз. Ұлттық бірлік, ынтымақ болмайынша, мұның бірі де орындалмайтынын Абай әлдеқашан жырлап өткен. Маңайын татулыққа, бірлікке шақырып отырған сөздері мемлекеттік стратегиямызда бүгінде жалғасын тауып отыр», – деп атап өтті Бақытжан Нарымбетов.
Қостанай өңірлік университетінің проректоры Эльмира Наурызбаева қоғамда Абайдың «Толық адам» деген ілімі білім ордасында қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
«Абай мұрасы халқымыздың даму стратегиясының рухани өзегі деп атап өткім келеді. Бұл сөздер – біздің бүгінгі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетінің миссиясы. Миссиямызға тікелей үндес болған осы сөздермен ғылым мен білімді, рухнаият пен құндылықты тең ұстаған ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз. Бүгінде университет «Толық адамды» қалыптастыратын ортаға айналды», – деді ректордың орынбасары.
Абай мұрасының маңыздылығы туралы облыстық Әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолова да өз ойын ортаға салды.
«Абайдың ілімі заңгерлер қауымына аса құнды бағыт береді. Елдегі тәртіптің, заң тұрғысындағы талаптар, ұлыларымыздың айтып кеткен қағидаларымен жүзеге асып келе жатыр. Адамның ішкі түйсігі тәрбиеден басталатынын бір ғасыр бұрын Абай айтқан. 7,19,38 қарасөздерінде білімсіз қоғам қалыптаспайтынын жеткізді. «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», дейді Абай. Еліміздің Ата Заңында осы қағида нақты сақталған», – деп атап өтті Әлия Аманжолова.
Иә, бұл тоқтам Абай ілімінің әр салада кеңінен қолданыс тауып келе жатқанын көрсетіп тұр.
Сөздің тоқетері, тәуелсіздік алған тұстан ел іргетасы осы данышпан бабаларымыздың байламына сәйкес негізделгенін ұғындық. Бүгінгі Жаңа Қазақстанның жасампаз саясатының ар жағында Абайдан бастап, Алаш зиялылары тұрғанын біле жүрейік.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді ұсынған – Л. Толстой атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы