Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Ұлт руханиятының шамшырағы» атты республикалық айтыс мәртебелі мерейтойдың сәнін кіргізген елеулі оқиғалардың бірі болды. Ол жөнінде жалпылама ақпарат газетімізде жариялаған да еді. Бүгін айтулы ақындар аламанына аз-кем шолу жасап көрмекпіз.
Сонымен, Торғай төріндегі дүлдүлдер додасында 14 ақын тартысқа түсті. Олар: Бекарыс Шойбеков (Түркістан), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Әсем Ереже (Семей), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Қанат Мырзахан (Алматы), Жанарыс Тілеубек (Қарағанды облысы), Мейіржан Жақып, Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Марат Ахметов (Ақтөбе), Серікбол Панабердиев (Атырау) және Бекзат Асқаров (Түркістан). Ал енді ұзын-ырғасы 5-6 сағатқа созылған доданы бастан-аяқ тәптіштеуге мүмкіндігіміз келмейді. Әр жұпқа берілген 30-40 минутың да бірқыдыру уақыт. Сондықтан айтыстағы елең еткізген тосын, көңіл тойдырған сүбелі, пәлі дегізген ұрымтал, ұтымды шумақ-тармақтарды қал-қадірімізше салмақтап көрмекпіз.

Аламанды «айтыс киллері» атанған Бекарыс Шойбеков пен «арпа ішінде бір бидай», семейлік ақын қыз Әсем Ереже бастап берді. Ағалықпен сөз алған Бекарыс «бірің қалмай жиналған әрқайсыңның қазір ұстап шығар ма ед қолдарыңды» деп елмен есендесіп, ілтипатын танытты. Сөз ауаны кілт Әселге бұрылғанда «бір қызықтың басы қылтия ма?» деп елеңдесті жұрт.
«Халықты қайран қылып қара нөпір,
Қасымда майысып бір мадам отыр.
Қыз болғанда, қандай қыз дейсіздер ғой? –
Ақын, ғалым, аударма маманы отыр…
…Бүкіл түрік бетіне қараған қыз
Қазір менің аузыма қарап отыр», – деді де, одан ары шабуылын үдетті. «Түркиядан шықпайтын ақтамақты» түйрей түсіп, әзілі ме, шыны ма, «ала жаздай шетелде жатып, айтыс десе, елге шауып келетіні», «ҰБТ-дан құлаған мақау балаларды оқуға түсірем деп, Түркияға тартып, қаңғытып жүргені», «Арқалықтың грантымен оқитыны, ақшасын Анкараға шашатыны» туралы жағымсыздау «деректерді» үсті-үстіне төпелей түсті… Осы бар ғой, бір мақтап, бір даттап, қарсыластың алдын бөгеймін деп артын ашып, жосықсыз мін тере беру қазіргі айтыста етек алып кеткен жоқ па? Кейде тұрпайылау көрініп кететіні де жасырын емес мұның. Халық та оны ұдайы жақтыра қоймайды-ау. Айтыс жеке бастың «мінін» теруден жарысу ма еді? Мұны «шабуыл», састыру-тостыру, шеберлік байқасу дейсіз бе? Мейлі, солай-ақ болсыншы… Ұмыт қалмай тұрғанда қоса кетейік деген «бес тиынымыз» еді.
Сонымен, Әсем не жауап қайырды? «Кей-кейде ақыл айтқыш боп кетесің, Абайға ақыл айтқан Құнанбайдай (?)… Түркияға түсірсем балаларды, сен кінә көріп тұрсың мұнан қандай?» деген сияқты ұзын-сонар ұйқасты тарқатты ол. Оның ішіне он баланы қамқорына алып, оқытып-тоқытып шығарған Сәтбаевты мысал етіп енгізді. Бекарыстың өз баласы да ҰБТ-дан құлағанын уәж етті. «Түркия былай тұрсын, Түркістанға, түсті ғой оқуға әрең сенің балаң» деп, одан ары да Түркия мен «мақау» түлектердің төңірегін, Арқалық пен Анкараның маңын біраз шиырлады.
Онысын:
«Кел, балалар» деді ғой Алтынсарин,
«Кет, балалар, – деген жоқ, – Түркияға», – деп Бекарыс ақын да сабақтай түсті.
«Айбек жүр ала жаздай ел аралап,
Соған жаның ашысын, ашығанда.
Оңтүстікті шарлайды күн ыстықта,
Оқитын бала іздеп осы маңға.
…Өзіңе жетпей жатқан аз қазақты
Не табасың шетелге тасығанда?..
… «Алтынсарин» тұрғанда Арқалықта,
Анкарада атаңның досы бар ма?» – деді халықты бір шу еткізіп. Бұдан кейінгі жауаптасу анайырақ әзілдерге астасып, ақындар біз күтіп отырған Міржақып пен мерейтой тақырыбынан барған сайын шалғайлай түскендей болды. Тек айтыстың 25-минуты соққанда ғана Әсем Торғайға жол салу туралы «ойлау керек, жайнау керек» дейтін редифті ұйқаспен бір шумақ қосты. Оны «…салар еді, алаң еді, болар еді» деп ағасы да жалғап, жол жайы туралы елге мәлім ақпарды өлеңге айналдырды. Әрине, тұшымдылау жолдар да аз болған жоқ. Мысалы, Бекарыстың Арқалық әуежайына Міржақып есімін беру жөнінде:
«Қостанайда арқырап Ахаң тұрса,
Арқалықта жарқырап Жақаң тұрса,
Қуаныш кеудемізді кернемей ме,
Қасқайып екі бірдей атау тұрса…», — деп келетін шумақтарын көпшілік қиқулап қолдады. Қазылар екі ақынға толық тең ұпай (50) берді.
Бұдан соң сахнаға қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен шымкенттік Нұрлан Есенқұлов шықты. Екеуі де көрерменге жақсы таныс, Тобыл-Торғайда өткен айтыстардан олжалы қайтып жүрген ақындар. Бұлардың «аяқсыз қалған» Ахаң тойындағы айтысқа да қатысқаны есімізде.
«Қызғаныштан от қойған опасыздар
Күніңді көре алмап ед күліп-ойнар…
…Балатасымен жүретін Батыраштай,
Сіріңкемен жүретін сұмырайлар», – деді ол туралы Нұрлан.
«…Үй сыртында жылаған жетім қыздай,
Үкіметке қабағын шытқан Торғай.
Кең заманда кереге кең болса екен,
Зар заманда запыран жұртқан Торғай.
Қанекей, бір қиқулап қойыңыздар,
Бойында батырлық пен рух бар Торғай.
Жасанды интеллекті жоқ заманда
Шынайы интеллектер шыққан Торғай», – деп сөз саптады Мейірбек. Жезде-балдыздығы бар ақындар біраз әзіл-қалжың қағысты. «Қыз белді балдызымды жұп қылғаны-ай» деген Нұрланға: «Ел алдында еркекке еміренбей, өз жайыңа отыршы, айналайын», — деп тойтарды Мейірбек.
Міржақып десе ауызға түсетін «Оян, қазақты», Торғай дегенде ойға келетін жол жағдайын бұлар да өлеңге қосыпты. Нұрланның:
«Жақаңдарды қыршыннан қимағанда
Жапондардың өзіне жетер едік»
және
«Жолдауда Президентің айтпағанда,
Жолдан да қағылайын деп тұр еді», – деген үзіктері соған дәлел. Жолдаудағы сөзді арқау етіп: «Ағайын, бөркіңді аспанға атып, облыс болар күнің жақында тұр», — деп те жұртты бір шулатып қойды. Мейірбек те Міржақыптың шығармашылық мұрасын осы күнгі келеңсіздіктермен байланыстырып, төкпелетіп жырлады.
«Алтай мен Арқа арасын,
Алты Алаштың баласын
«Оян, қазақ» деп отырып,
Қалғып кетуден сақтасын…»
немесе
«…Өйткені Торғай деген батыр ел ғой,
Шеңберге сыймайтұғын қоршап берген.
…Астанадан батысқа бармақ түгіл
Азаттыққа апарар жол сап берген», – деген жолдардың жұғымы болды. Соңында екеуі кезектесіп, әнге басатын әдетпен айтысты түйіндеді. Бұлар да он-он ұпайдан еншіледі.
Үшінші жұп –жерлесіміз Тоба Өтепбаев пен қызылордалық Мұхтар Ниязов. Ырымдап ұстазы Айбек Қалиевтің домбырасын қолға алып шыққан Төкең жекпе-жектің алғашқы сөзін алды. Осы өңірдің тумасы ретінде текті топырақтан түлеген арғы-бергі тұлғаларды таныстырудан бастады өлеңін. «Тілінің уыты бар», үш «Алтын домбырасы» бар Мұхтарды «алтыны бар жерге жақын жүретін» Ниязовты жыланға теңеп:
«…Ендеше Ниязовқа қол соғайық,
Улы жылан басына ақ құйғандай», – деп қалжың айтты.
«Өзіңді тыңдар адам азайған соң
Сөзіңді аттарға айта бастадың ба?», – деп, Оралда ат жарысын жүргізіп келе жатқан ағасын тағы бір әзіл-сөзбен түйреп өтті.
Мұндайды міз бағатын Мұхтар ма?
«Өткір тіл інілердің біреуі едің
Қаршыға болмасаң да, қаршығалау», – деп, ә дегеннен қыршып сөз бастаған Мұқаң Тобаның «алты жыл айтысқа шықпағанын», «ұстазының домбырасы қаңсып бос тұрғанын» айта келіп:
«…Шаң шығарып шабам деп енді бүгін,
Шашақты найзадай боп шаншылады-ау.
Шаппай-ақ, шапаныңды сілкісең де,
Бір бәйгеге жететін шаң шығады-ау», – деді ол, айтысын көбіне юморға құратын әдетімен. Тобаның күйеу бала екенін алға тарта келіп:
«Қолыма су құя ма деп отырсам,
Басыма ақ құямын деп отыр ғой», – деп, елді күлкіге тағы қарық қылды.
«Алтынға емес, Ахаң мен Жахаң туған
Халқыма келіп тұрмын алтын құрсақ», – деген жауабын да бере кетті әлгіндегі Төкеңнің уәжіне. Басқа да жауаптар көп тостырмай, қолма-қол ағылып-төгіліп жатты:
«Қымыз қанды қазақпыз, жылқы жанды,
Ол болмаса, өмірің өтті азаппен.
Жүйріктер жүрген жерде мен де жүрем,
Әр қимылы береді, ох, ғажап дем.
Бірәлінің елінде тусаң дағы,
Сен, немене, жүйрік пен атқа жат па ең?
Ары қарай қатарласып қалай шабам,
Бәйгеге құмарлығы жоқ қазақпен?»
және бір тұста:
«Жақаң да жан-жағынан қажығанда
Алакөз тұлпарына мұңын шаққан», – деді «атпен сөйлесуі» туралы. 
«Айтысқа шыққаныңа көп болғанмен,
Айтысып жүргеніңе көп болған жоқ», — деп тұқыртпақ болуы немесе ауылдан елордаға көшкенін:
Астанада боп-боз боп жүрсің бе енді,
Гамбургердің артынан кола ішіп ап?» – деп сықақтауы көрерменді еріксіз күлдірді. Оған берген Тобаның қарымтасы да олқы болған жоқ. Жақсы бабын, жоғары деңгейлі дайындығын көрсете білді жерлесіміз де. Ел мен жердің мұң-мұқтажын да әдемі жырлады. «Оян, қазақ» ұранының Жақаң жерлестеріне тікелей мағынада «қатысы аз» екенін ишаралап:
«Бұл жақтың шұрық-тесік, қырық жамау
Халықты ұйықтатпайтын жолдары бар»
немесе
«Торғайдың бағы ашылмай қалмаса екен
Міржақыптың бақытсыз Жамалындай», – деген жолдары есте тұтарлық. Тақырып та жақсы жырланды, бір дәуірдің мұрасын түгендеген Гүлнәр Міржақыпқызы да әспеттелді. Қазылар бұл айтыста жеңісті Мұхтарға берді.
Бұдан соң шымкенттік Мейіржан Жақып пен атыраулық Серікбол Панабердиев шықты. Шыны керек, бұл жұптың айтысы аса бір жоғары деңгейде өтті дей алмас едік. Әрине, шартпа-шұрт жауаптасу, тақырып төңірегінде ауық-ауық ой қозғау жөнінен өзге жұптардан олқы түспеуге күш салды. Мәселен, шымкенттік Мейіржан Өзбекәліні, Шәмші мен Болат Хамзинді, Әсия мен Әселханды, Айбек пен Бекарысты өлең ете келіп:
«Арасында жол да жоқ, басқа да жоқ,
Ұлылар жалғап тұрған байланыс бар», – деген сынды түйіндер қойды. Ал Серікболдың:
«Азаттыққа жол салған алыптардың
Ауылына жол салып бермеу ұят», — деген жолдары түртіп алыппыз.
Бірақ айтыстың жартысынан көбі «түрлеріне жастарының сәйкеспейтіні» туралы «дауға» шығындалғанын ескерсек, өлеңдерінде ілкімді дүние аз болды дей беруімізге болатындай. Жеңіске бір ұпай айырмасымен Серікбол жетті.
Ақтөбелік Марат Ахметов пен алматылық Қанат Мырзаханның айтысы да орта деңгейде өтті дер едік. Қанат бауырымыз ақын атаулының бәрі айтып «тоздырған»:
«Ассалаумағалейкум шалдарыңа,
Уағалейкумассалам балдарыңа», – деген «танымал» ұйқаспен бәсекені бастады. Одан кейінгі шумақтарын «отжимания, приседания, потолок» сияқты орысшалармен шұбарлағаны көңілге жағыңқырамай қалды. Ал «май табанының (?) алғаш рет Торғайға тиіп тұрғанын» айтқан Марат ақын да алғашқы қайырымын «жықпа-жығылма» өткізген сыңайлы. Бір-бірінің қапысын аңдысып, өткен-кеткен қате-кемшіліктерін іздесіп, қалжың қағысқан жерлері де болды. Тақырыпты жырға қосқан ақындарда іліп алар тұстар аса бір көп емес. Айталық, Қанаттың «қанша қорлық көрсе де Жақаңның бір тал шашы өле-өлгенше ағармай кеткенін» өлеңдетіп:
«…Қарабет сол жауыздар білді ме екен
Атағы Міржақыптың самғайтынын,
Шашына ақ түсіре алмағандар
Атына дақ түсіре алмайтынын», – дегенін іліп алуға болатын шығар… Көрсеткен өнерлеріне сай, екеуінің де алған ұпайлары – түгел тоғыздық.
Баянауылдан келген Аспанбек Шұғатай мен қарағандылық Жанарыс Тілеубек айтысты жалғастырды. Жанарыс әу баста тізімде болған Мұрадым атты ақынның орнына топқа қосылған екен. «Біреудің орнына шығып, бір елдің жүрегінен орын алуға» дәмелі болып келген жас дарын жыр-жарысты бастап:
«Аспандап кеткендігім соншалықты –
Аспанбектің жанынан бір-ақ шықтым», – дей келіп, азуын айға білеген айтыскер ағасына «аспаннан келтіре алмассың аяғымды» деп айбар шекті. Мақамы өзгеріп, шашын қысқартып, образын өзгерткен қарсыласын шымшылап та сөйледі.
«Ағаңның жағасына жармаспассың,
Өшер елдің басар деп иті кердең.
Кімменен айтыссаң да қорықпағын,
Қазақты жау жеңбеген, ұйқы жеңген…
…Шаш дегенің өседі, алынады,
Менің өзгеше емес сиқым елден.
Қазақтың бақыты үшін шаш түгілі
Басын да бере салған Кейкі мерген…» – деп жауап қайырды Аспанбек. «Ахаң-Жақаң жүрегіндей шырылдаған қазақтың қарт Торғайы» туралы біраз толғады. Ал Жанарыстың ұстанған әдісі әзілдесу сыңайлы. Әншілікке бет бұрып жүрген ағасын сықақтап:
«Бұлбұлдардың елінде ән салам деп,
Атанып кетіп жүрме «қарға Аспанбек», – деп, Жақаң жерлестері – «ат қойғыш» қызбелдіктерден сақтандырды… Қысқасы, қорытындысында қазылар Аспанбекке басымдық берді. 
Тобыл-Торғай атынан топқа қосылған Батырлан Сағынтаев пен қызылжарлық Бекзат Асқаров алғашқы айналымды түйіндеді. Ә дегеннен жерлесіміздің арыны ерек байқалып, түйдек-түйдек сөздермен көрерменді жалт қаратқан.
«Ақ теңіздің қалыпты жағасында
Алаш деп аласұрған алып кеудең.
…Әйтпесе бұл қазақта жандар аз ба
Айдау көрген, тақсырет-тамұқ төнген.
Ал Міржақып сүйегі елге оралса,
Жаратқанның өзі ғой бағыт берген.
Елге деген ерекше махаббатың
Сені қайта тұрғызып жарып көрден,
Қара орман қазағыңмен қауыштырып,
Туған жер топырағына алып келген», – деп бір төгіп өтті ақын.
Одан соң, «айтыста қызық болмас тартыс болмай» деп өзі айтқандай, атақты ақын Ерік Асқаровтың ұлын тартысты бәсеке жасауға шақырды. «Өлеңіңе қарағанда аты-жөнің ғана өтімді», «бәйгеде әке даңқымен атың озып жүр» деп сын-садағын сайлап, қарсыласын нысанаға алды. Бірақ, шыны керек, Бекзаттың жауабы да, қарымтасы да солқылдақтау болды. Әдетте кең тынысты ақынның деңгейлі айтыс шығаруы қарсыласының әлеуетіне тікелей байланысты болады ғой. Бұл жолы нақ сондай көрініске куә болғандаймыз. Батырлан қанша «айқасқа» тартқыласа да айтыс біз күткендей ширамай, мандымай-ақ қойды. Бекзат ақын «сен тимесең, мен тименнің» керіне салып, әрненің бетін қалқып, жұптап әкелген дүниелерін айтып үлгергенді жөн таныған сыңайлы. Керісінше, ол бір тұста жерлесімізге «сөздерің қисық-қисық болмасыншы, Торғайдың шұқыр-шұқыр жолдарындай» деп қалды. Оған Батырлан бірден жауабын беріп, соңын:
«Сөзімді де Міржақып дұрыстаған,
Жолымды да Міржақып түзеп берді», – деп түйіндеді, Қызбел жақта біткен бір істі меңзеп. Қазылар жеңісті Батырланға берді.
Айтыс төрешілерінің шешімімен соңғы айналымға төрт ақын өтіп, Бекарыс Шойбеков пен Мейірбек Сұлтанхан, Мұхтар Ниязов пен Әсем Ережеқызы жұпталды. Бас бәйге және жүлделі орындар сарапқа салынатын ақтық кезеңнің алғашқы жекпе-жегіне Бекарыс пен Мейірбек шақырылды. Бұл расымен финалға лайық айтыс болды. Шапқан сайын жаны кіретін қас жүйріктердей, ақындар арындай түсті. Айтысты Сыр саңлағы бастап:
«Жол соғып, шаршап келген ақындарды
Қол соғып, берсін енді елім көмек», – деп халықтан бір дем сұрап алып:
«Тоқаев күні кеше жолдауында
Торғайға деді көңі бөлу керек.
Қиындықты туғалы көрсеңдер де,
Сендерде туған жерге сенім бөлек.
«Отан» деген орденді ең алдымен
Осындағы халыққа беру керек», – деп, елді қиқуға бастырып, жырдан дауыл тұрғызды. Бекарыс та айтыс атаулыны қыздырудың хас шебері ғой. Түс әлетінен ымырт түскенге дейін тарқамай, ақындардың аузына қарап отырған қалың қауымның делебесін қоздыра түскендей.
«Қатары ақындардың азайғанмен,
Қауымның қошеметі елжіретті.
Аяма айқайың мен қиқуыңды,
Қайдасың, көрерменім кең жүректі?
Сөреден түсте шыққан сәйгүліктер
Ақырғы айналымға енді жетті!» – деп дүйім жұртты дүрк еткізді айтыс арыстаны. Одан ары қос ақын Міржақыптан бастап, Алаш арыстарын асқақтата жырға қосты.
«Оятумен келесің әлі күнге
Қайғысынан ұйқысы қалың ұлтты» (Мейірбек)
немесе
«Өзінің жаназасы шықпай тұрып,
КСРО-ны кебінге орап кетті» (Мейірбек), – деген сияқты түйіндері тастай, ойлы, өрнекті өлеңдерді кезектесе төкті қос мықты. Қырық минуттан астам уақыт сілтесті ақындар… Нәтижесінде екі ақынға да барлық қазы он ұпайдан көтерді. Бізге салса, бұл бәсекеде Мейірбек басымырақ болған сияқты.
Аламанның соңғы жұбы – Мұхтар мен Әсем. Бұл айтыста, жасырары жоқ, Мұхтардың «дауысы» көбірек естілді.
«Бірінші қарсыласым Тоба боп ед,
Екінші қарсыласым Шүкір екен».
«Еркектер ақтық сында бұйырмай қап,
Әсемпаз болып қалдым, амалым жоқ».
«Түріктердің қып-қызыл шайын ішед,
Жігіттердің қып-қызыл қанын ішед –
Екі-ақ нәрсе ішеді біздің Әсем», – деп дүркін-дүркін әзілімен айтыс отын үрлей түсті Мұхтар.
«Бұл финалға ерлікпен шығып тұрмын,
Арыстанның аузынан аман қалып», – деп еді Әсем қыз, қарсыласы жұлып алғандай:
«Бекарыстан құтылдым деп мәз боласың,
Арусың сондай мінез жасағыш паң.
Бекеңнің тісі кеткен, кәрі арыстан,
Орнына мен кеп тұрмын жас арыстан…», – деді суырып-салып. Торғай туралы тоғаулары да қалың қауымдың қошеметіне бөленді.
«Кезінде Торғай деген қандай еді
Заманның түлкісіне тазы қосқан?
Ыбырай мен Ахмет, Міржақыптың
Арқасында қазақ сауат, көзін ашқан.
Қазақтың көзін ашқан бұл Торғайдың
Қандай ғажап болар ед өзін ашсаң!» – дегенді де Мұхтардың сәтті шумақтарының қатарына жатқызар едік…
Сонымен, «ойды орып, қырды қырған» азулы ақындардың жыр-жарысында бас жүлде қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Оған облыс әкімдігі тіккен автокөлік бұйырды. 1-орынды түркістандық Бекарыс Шойбеков еншіледі. Айтыс арыстаны да бір көлік мініп қайтты. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев отбасы атынан бір көліктің кілтін табыс етті. Мейірбек пен Әсем 2-орынды (әрқайсына 2 млн теңгеден), Аспанбек пен Нұрлан 3-орынды (әрқайсына 3 млн теңгеден) бөлісті. Бұл туралы ақпаратты газеттің өткен санында жариялаған едік.

Тоқ етері, бұл айтыс та өнерсүйер қауымның мейірін қандырған, рухын көтеріп, жүрек отын жандырған, ауыз толтырып айта жүрер думанға айналды. Өңір руханиятының және Міржақып мерейтойының жылнама-тарихына қатталатын орны оқшау оқиға болды дей аламыз. Біздің мұны кеңейтіп жазғандағы мақсатымыз айтыстың жүлдесін санап қана қоя салмай, мән-мазмұнын, тағылымын көзіқарақты оқырманға, жалпақ жұртқа жария ету еді…
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Жанкелдин ауданы
