Бүгін қостанайлықтар Амал мерекесін тойлап, Наурызнаманың онкүндігін бастап кетті. Облыстық филармония ішіне жағалай киіз үйлер құрылып, мәдени ұжымдар салт-дәстүрден үзінді көрсетіп, дастарқан жайды.
Жарапазан айтқан жігіттер кештің сәнін келтіріп, үлкенді-кіші бір-бірімен көрісіп, ақ тілегін арнап жатты.
Бір кездері үзіліп қалған әдемі салт, халқымыздың болмысын ашатын дүбірлі той Қостанай өлкесінде осылайша бастау алды.
«Бүгін біз Наурызнаманың онкүндігін Амал мерекесімен бастап жатырмыз. Облыстық мәдениет басқармасы бұл дәстүрді былтыр алғаш рет өткізіп, енді жыл сайын жалғасын таба беретін болады. Облыстағы мәдениет ұйымдары қатысып, сал-дәстүірімзді барынша жаңғыртып жатыр. Зиялы қауым өкілдері қонаққа келіп. Наурызнама аясында облыс көлемінде 500-ден астам іс-шара өтеді деп жоспарланып отыр. Соның ішінде біздің басқарма өткізетін мерекелік кештер де көп», – дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов.
Жалпы бұл мереке бір кездері үзіліп кетіп қайта жаңғырып жатыр.
Былтырғы жылдан бері елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы бекітіліп, әр күннің маңызы бар. Тарихи тұрғыдан, Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы.
«Амал мерекесі біздің солтүстік өңірлерде болмаған. Кейін ғана пайда бола бастады. Бір жолы Сарығашта үйде отырсам сырттан бір әндеткен дауыс естіледі. Сөйтсем ол Жарапазан екен. Бұрын соңды жарапазанды естіп көрмеппін. Жарапазанды тек қазақтар ғана айтпайды, туысқан тілдес халықтар да айтады. Менің бала кезімде бір тойлағына есімде қалыпты. Ал одан беріде аталғанын көрмедім. Біздің Қостанайда да осы дәстүр қайта оралып жатқаны қуантады. Қазақ болған соң оың бәрін біліп, түгендегеніміз жөн. Осылай дамытып, өткізе берсек бізден кейінгі ұрпақ алып кетеді», – дейді ақын, ғалым Серікбай Оспанов.
«Бүгін Наурыздың басы – Амал мерекесі. Наурыз мейрамын Көрісу күнінен, яғни бүгіннен бастап тойлаймыз. Жаңару мен жаңғыру, жақсылыққа жол ашатын мезгіл көктемнен басталады. Ал биыл да Ұлыстың ұлы күні қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Әз Наурыз әр шаңыраққа бақ-береке, ынтымақ әкелсін», – дейді Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы Сайлаубек Ещанов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков