Жампоз журналист Жайберген Болатов 75 жасқа толды

Жампоз журналист Жайберген Болатов 75 жасқа толды

Қазақстанның Құрметті журналисі, Мәдениет қайраткер, «Қостанай таңы» газетінде ұзақ жыл бас редактор қызметін атқарған ардагер Жайберген Арзымбетұлы жетпістің бесеуіне келді. Қарашаңырақта мерейтой иесін құттықтауға арналған жиын өтті.
Қарымды қаламгер, ақмылтық журналисті меншікті мерекесімен құттықтауға өңірдің зиялы қауым, әріптестері мен замандастары, ізбасар шәкірттері, облыс әкімдігінің өкілдері «Қостанай таңы» газеті редакциясына жиналды. Олар Жайберген ағамыздың Көрісу күнімен тұспа-тұс келген туған күнінде жүрекжарды жылы лебіздерін арнады. Алғашқы сөз облыстық Қоғамдық даму басқармасының БАҚ -пен жұмыс жөніндегі бөлімі басшысы Жанар Кеңесбаеваға берілді.

«Қостанай облысы әкімінің құттықтауын жеткізгелі келіп отырмыз. Өңір басшысы құттықтау хатында: «Құрметті Жайберген Арзымбетұлы, мерейтойыңыз құтты болсын! Сіздің өмір жолыңыз – мамандыққа адалдықтың, терең таланттың және сөз өнеріне деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Сіз өміріңізді журналистикаға арнадыңыз. Үздіксіз еңбек жолыңыз кейінгі жастарға өнеге. Облыс баспасөзінде ұзақ жыл қызмет етіп, еліміздің БАҚ саласын дамытуға зор еңбек сіңірдіңіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін!» делінеді. Осы тілекке біз де қосыламыз», – деп, облыс әкімінің құттықтау хатын табыс етті.

Сондай-ақ Жайберген Болатовқа Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың тілек-лебізі жеткізілді. Оны қуаныш иесіне одақтың Қостанайдағы қосынының төрағасы Александра Серғазинова табыс етті.

«Сізге одақ төрағасының құттықтау сәлемін жеткізе келдік. Қабыл алыңыз. Өзіңіз білесіз, біз сізді ерекше құрметтейміз. Сіз қазақ журналистикасының шебері ғана емес, орыс тілінде де кең көсілетін жан-жақты қаламгерсіз. Ой-пікірлерің, сарапшылығыңыз бізді таңғалдырудан танбайтын. Бұл айырықша қабілетіңіз ізбасарларыңызға үлгі. Сізге Сейітқазы Матаевтың хатымен қоса, одақтың Қостанай филиалы атынан сый-сияпатымызды табыс етеміз. Алдымызда аман-сау жүре беріңіз», – деді А.Серғазинова.

Жайберген Арзымбетұлының «Қостанай таңы» газетінде өшпес қолтаңбасы қалды. 1976 жылы сол кездегі «Коммунизм таңына» тілші болып қабылданып, бас редактор лауазымына дейін көтерілді. Басылымның көшін өрге сүйреп, соңынан дарынды шәкірттер ертті. Қарашаңырақтың өркен жаюына сіңірген еңбегі орасан зор. Оны өз құттықтауында газетіміздің бүгінгі бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы да атап өтті.

«Қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгер ретінде құрметке лайықсыз. «Қостанай таңы» газетінің редакциясындағы ұзақ жылғы еңбегіңіз өңірдің ақпарат кеңістігін байыта түсті. Әрдайым шынайылық пен әділдікті ту етіп, оқырман мүддесін алға қойғаныңыз біз үшін үлгі. Редакциядағы ізіңіз, еселі еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды», – деді бас редактор.

Мерейтой иесіне сый-сияпат табысталып, иығына заманауи шапан жабылды. Лебіздер легі бұдан кейін де жалғаса түсті. Сөз кезегі майдангер, ардагер журналист, жүз жастағы абыз ақсақал Қасымхан Алдабергенұлына беріліп, ол рухтас інісіне алғаусыз ақ тілегін арнап, ескірмес естеліктерден сыр шертті.

«Айналайн Жайберген, туған күнің құтты болсын! Маған салса, 70-75 деген – балалық шақ, жігіттік шақ, ердің жасы. Жасай бер, менің жасыма кел! – деді ғасыр жасаған қария. – Жайбергеннің қызметі осы «Қостанай таңында» өтті. Аралдың тумасы болса да, бүкіл Қостанай-Торғайдың ел мен жерін танып-білді. Осы өңірге кіндігінен байланды. Енді, міне, бедел биігінде, қаумағалан ағайынның ортасында отыр. Ғұмырлы, тұғырлы бола бер!»

Бұдан соң үзеңгілес, мүдделес, қызметтес болған журналисика ардагерлері – Ермекбай Хасенов, Жанұзақ Аязбеков, Оразалы Жақсановтар мерейтой иесінің тұлғалық болмысы, азаматтық келбеті, баспасөзге сіңірген еңбегі, қалтқысыз қызметі туралы пікір-лебіздерін айтты. Жайберген ағамыз да ұжымның, құттықтай келген кісілердің ілтипаты мен ықыласына ризалығын білдіріп, рахмет айтты. Қолының майы сіңген «Қостанай таңы» газетінің болашағына жеміс тіледі. Соңында меймандар естелік суреттерге түсіп, емен-жарқын әңгімені дәмді дастархан үстінде жалғастырды.Толығырақ – газеттің алдағы нөмірінде.

Суреттерді түсірген – Жансая Сәбитбек

Жаңалықтармен бөлісу