Досболдың дара биігі

Досболдың дара биігі

Дзюдо күресінен жаһандық жарыстарда жарқырап көрініп жүрген жерлестеріміз көп емес. Сол аздың бірі – дарынды балуанымыз Досбол Балғабай. Жас та болса, осы кезге дейін ел қоржынына салған олжасы қомақты. Батырымыз әлем үздіктерін тізе бүктіріп, бірнеше мәрте биік тұғырдан көрінді.

Досболдың туған жері – Жангелдин ауданына қарасты Шилі ауылы. Бірақ бала кезінде Қостанай қаласына көшіп келіп, Б.Момышұлы атындағы орта мектепте білім алды. Күрес спортына деген бейімі жас шағынан аңғарылып, 2-сыныптан бастап боз кілемге шыққан. Сол кезден-ақ жаттықтырушылардың көзіне түсіп, әртүрлі деңгейдегі жарыстарда топ жара бастады. Оның қарым-қабілетін әкесі Балғабай Әлжанұлы қанда бар тектілікпен байланыстырады.

            «Арғы атамыз – Шақшақтан туатын, еліне пана болған Дүзей батыр. Оның жаужүректігі мен жауынгерлік шеберлігі тарихқа таңбаланған. Ал осындай қаһарманның үрім-бұтағы олқы-осал болсын ба! Жалпы, өзім де жасымда спорттан қаражаяу емес едім. Волейболда ұрған добымды ешкім тосып ала алмайтын. Баскетболда атқан добым кез келген нүктеден себетті дәл табушы еді. Биіктікке секіруден алдыма жан салмадым. Ал енді Досболымның жөні бөлек, дарыны ерек. Әр жеңісіне тамсанып, марқайып, тәубе деп отырамын», – дейді Балғабай ағамыз.

blankБүгінде Досболдың жасы небары жиырмада, әзірге студент. 8-сыныптан кейін Алматыға колледжге түсіп, үздік аяқтаған. Спорт пен білімді қос қанатындай ұстаған ол, соңғы екі жыл Жапонияда білім алып жүр. Дзюдоның отанында мықтылармен иіндесіп, талмай жаттығу жасады. Мұның да тәжірибе толыстыра түсуіне зор ықпал еткені даусыз. Шеберлік деңгейінің мойындалғаны болса керек – осы күнге дейін дүниежүзілік додалардың талайына қатысып үлгерді. Мәселен, сәуір айында ғана Италияның Линьяно қаласында өткен Еуропа кубогында 81 келі салмақта чемпион атанып, қазақ жұртын бір қуантқанын айтсақ жеткілікті болар. Сол додада ағылшынша қойылған сұраққа мүдірмей:

            «Біз финалға командамызбен тер төгіп дайындалдық. Жеңімпаз атануыма себеп болған – командалық жұмыс. Өйткені жаттықтырушылар жақсы кеңес бере алды. Ақтық айналымда күресу еш қиын болған жоқ, қарсыласым өзі қателік жасады. Алдағы жарыстарда да осы нәтижені қайталауға күш саламыз», – деп биязылықпен жауап беріп, полиглоттығын бір дәлелдеп еді.

blank Өңірдің ғана емес, елдің атағын аспандатқан Досболымызға облыс әкімі Құмар Ақсақалов: «Бұл жеңіс – отандық дзюдо мектебі үшін үлкен жетістік және спортшыларымыздың халықаралық аренадағы жоғары деңгейін дәлелдейді. Досболға алдағы жарыстарда да толағай табыс тілеймін. Жеңіс құтты болсын!» – деп құттықтау жолдап еді. Дарынды жас балуан бұған дейінде төрткүл дүниенің талай елін аралап, туған жерге тамаша жүлделер сыйлап келді. Олардың барлығын тізбелеп отырмай-ақ қоялық.blankblank

Тағы бір айта кетерлігі, көкесі Мылтықбай Абдуайтовтың да  Досболға жасап жүрген жанашырлық қолдау-демеуі көп. Шетелде білім алуына, дзюдомен мықтап айналысуына үнемі жәрдемдесіп келеді. Мылтықбай да мықты спортшы, қазақ күресінен ҚР спорт шебері, «Тұран барысы» турнирінің жеңімпазы. «Тобыл-Торғай тарландары» қазақ күресі федерациясының вице-президенті болып қызмет етіп, өңір спортын дамытуға үлкен үлес қосып жүр. blankДосбол Хорватия елінен олжалы оралып, жерлестері қаумалап күтіп алғанда осы көкесі көптің алдында өз атынан тұлпар мінгізгені бар. Жас балуанға қала әкімдігінің де жарыстарға қатысуына ұдайы материалдық қолдау көрсетіп тұратынын да қоса кеткен жөн…blankҚазіргі таңда ұлттық құрама сапындағы Досбол командасымен бірге Австралия елінде жаттығып жатыр. Алда биік асу-белестер тосып тұр. Ал оны жерлесіміз еркін еңсеріп, өзіне жеңіс, еліне қуаныш сыйлай береді деп сенеміз!

Ж.Балғынбекұлы