Ат спортының кезекті маусымы салтанатты түрде ашылды. Қостанай ауданы әкімінің кубогына арналған Маусымашар бәйгесі биыл да ұлттық спортты ұлықтаған айтулы мерекеге айналды. «Арғымақ» ипподромында өткен дүбірлі додаға облыстың әр түкпірінен және Ақтөбе, Ақмола облыстарынан жиналған шабандоздар мен сәйгүліктер қатысып, көрермендерге тартысқа толы жарыс сыйлады.
Додаға алпысқа жуық сәйгүлік қатысып, 7 миллион 500 мың теңге жүлдені сарапқа салды.
Салтанатты ашылу рәсімінде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, ұлттық спорттың ұлт болмысындағы орны ерекше екенін тілге тиек етті.

«Бүгін біз Қостанай тұқымы жылқысының сынақ бәйгесі мен бәйге маусымының ашылуына жиналып отырмыз. Сәйгүліктеріміз бен тақымы тастай шабандоздарымыз жарыстың көрігін қыздырып, әдемі тартыс көрсетеді деп сенемін. Ат баптау, бәйгеге қосу – біздің болмысымызға сіңген ұлы дәстүр. Қазақ үшін жылқы тек көлік немесе азық емес, ол – еркіндік пен тектіліктің символы. Сондықтан ұлттық спортты дамыту – ұлт руханиятын дамыту деген сөз. Осындай игі бастамалар жас ұрпақты салт-дәстүрге баулып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жол ашады», – деді Бақытжан Нарымбетов.
Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев те бәйгенің маңызына тоқталып, өңірде ат спортына деген қызығушылық жыл сайын артып келе жатқанын айтты.

«Жыл сайын ат спортына қызығушылық артып, шабандоздардың саны көбейіп жатыр. Біздің атшабарда дайындалып жүрген «Қостанай Allur арғымағы» командасын ерекше атап өткім келеді. Олар былтыр Алматыда өткен «Ұлы дала жорығы» халықаралық турнирінде жеңімпаз болды. Ауданымызда жақында ғана көкпар мен аударыспақ жарыстары жоғары деңгейде өтті. Оған еліміздің әр аймағынан командалар келіп қатысты. Бұның бәрі – ат спорты дамуының көрсеткіші», – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол ипподром инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды.
«Федерацияның қолдауы көп. Мінберлерге шатыр орнатылады. Алдағы уақытта жанкүйерлер ыстық пен жауынға қарамай, жарысты жайлы жағдайда тамашалай алады. Осы ретте ұлттық спортқа жанашырлық танытып жүрген азаматтарға алғыс білдіреміз», – деді Олжас Нұрғалиев.

Қостанай облысы ат спорты федерациясының президенті Еркін Бұқанов ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, алдағы жоспарларды біріге атқаратынына сенім білдірді.
Бәйге бірнеше қашықтық бойынша ұйымдастырылды. 10 шақырымдық топ бәйгеде Науырзым ауданынан келген «Қара теңіз» тұлпары топ жарып, бірінші орынды иеленді (ат иесі – Нұрлан Қожин, шабандозы – Бағнұр Әубәкір, бапкері – Марат Есмұханов).

Ал 6 шақырымдық құнан бәйгеде Қарабалық ауданынан келген «Гранит» тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті (ат иесі – Александр Рудольф, шабандозы – Нұрали Жаңғали).
Көпшілік асыға күткен 18 шақырымдық аламан бәйгеде Қамысты ауданынан қатысқан «Инкерман» атты тұлпар топтан қара үзіп шығып, бас жүлдені жеңіп алды (ат иесі – Константин Сотников, бапкері – Ғанибек Қыпшақбаев, шабандозы – Әлихан Ғанибек). Екінші орынды «Либерия», ал үшінші жүлдені «Нұрберген» сәйгүлігі иеленді.

Жеңімпаз шабандоз Әлихан Ғанибек жарыстан кейін әсерін бөлісті.
«Аттың бабын келтіріп, әр жаттығуға жауапкершілікпен қарадық. Бәйгенің деңгейі өте жоғары өтті, мықты қарсыластар көп болды. Осындай дүбірлі додада жеңіске жеткенімізге қуаныштымын», – деді шабандоз.
Жарыс қорытындысында үздік шыққан шабандоздар мен тұлпар иелері қомақты жүлдемен марапатталды. Көрермендер ұлттық спорттың сәні мен салтанатын сезініп, маусымның жарқын бастауына куә болды.

Айта кету керек, дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтуіне Ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі де елеулі үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта өңірде ұлттық спортты дамытуға бағытталған мұндай ауқымды іс-шаралар жалғасын табады.
Суреттерді түсірген – Рабиға АТУЛЛИНА
Қостанай ауданы
