Қостанайда 101 жасқа толған абыздың өмірі мен қызметіне арналған магистрлік жұмыс қорғалды.
Тарих ғылымында бұрын-соңды болмаған бірегей оқиға өтті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте магистранттың диссертация қорғау сәтінде ғылыми жұмыстың бас кейіпкері, ғасыр жасаған соғыс және еңбек ардагері, ақын әрі журналист Қасымхан Алдабергенов қорғау залында өзі отырды.
Әдетте тарихшылар дүниеден өткен тұлғаларды зерттейтіні белгілі. Ал көзі тірі адамның өмірі мен қызметін диссертацияға арқау етіп, оны кейіпкердің қатысуымен қорғау – Қостанай өңірінде алғаш рет орын алып отырған тарихи сәт.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеттің проректоры, магистранттың жетекшісі Эльмира Наурызбаеваның айтуынша, бұл қорғаудың маңызы өте жоғары. Ғылыми кеңес мүшелері мен қонақтар тіпті:
«Сұрақты диссертантқа емес, мына отырған абыздың өзіне қояйық» деп, нақты деректерді тікелей ақсақалдың өз аузынан естіген.
Танымал тарихшы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Аманжол Күзембайұлы бұл оқиғаның солтүстік өңірдегі қазақ руханияты үшін үлкен олжа екенін жеткізді.

«Біздің кафедрада «Тұлғатану» деген үлкен бағыт бар. Көне заманда Плутарх: «Біз тарих жазбаймыз, біз өмірбаян жазамыз» деген екен. Тарихты жеке адамдар жасайды. Қасымхан ағай – біздің арамызда жүрген тірі тарих. Ол кісімен 30 жылдан астам уақыт араласып келемін. Кеудесі қазақ руханиятының қоймасы. Қай тақырыпты қозғасаң да, шежіредей ақтарылады. Тіпті домбырамен махаббат туралы әндерді айтқанда, кейде жылағың, кейде күлгің келеді».
Тарихшы тағы бір қызықты дерек келтірді. XIX ғасырда қазақ даласын зерттеген неміс ғалымы Василий Радлов француз және орыс тілдерімен қатар қазақ тілін әлемдегі ең ұлы, ең бай тілдердің бірі деп бағалаған. Орыс тілінің қолданысында жарты миллионға жуық сөз болса, қазақта 2,5 миллион сөз бар екенін айтқан. Тарихшылар осы бай қазынаны бүгінгі күнге жеткізген Қасымхан ақсақал секілді тұлғалар екенін мақтанышпен атайды.
Абыз ақсақал өзін «бір ғасыр куәгерімін» деп атайды. Ол феодалдық заманның да дәмін татып, Совет үкіметінің құрылуын, пионер, комсомол болған шағын, тіпті 1945 жылы 20 жасында майданда жүргенде өзін партияға шақырған сәттерді де ұмытпаған.

«Кейін міне, заман өзгерді. Мына Совет үкіметі құлады. Қарашы, оны ешкім сырттан құлатқан жоқ, өздігінен құлады. Ал менің Отаным – Қазақстан, міне, қырықтан асып, кемеліне келе жатыр», — деді ақсақал ризашылықпен.
101-ге келсе де, ақсақалдың қалжыңы мен юморы әлі сондай ширақ. Жиналғандардың «Тағы да бетіңізден сүйетін қыздар бар ма?» деген әзіліне күліп, жастарға ақ батасын берді.
Магистрант Әсел Құлмағамбет өз зерттеуінде тек архив деректерімен шектелмей, ауызша тарих әдісін кеңінен қолданған. Яғни, кейіпкердің өз естеліктерін, замандастары мен туыстарының сұхбаттарын ғылыми айналымға енгізген.
Көпшілік Қасымхан ақсақалды тек соғыс ардагері немесе журналист деп білсе, оның 20 жылдан астам уақыт бойы республикалық, облыстық айтыстарға қатысып, Нұрхан Ахметбеков сияқты дүлдүлдермен үзеңгілес болған үлкен айтыскер екені ғылыми түрде дәлелденді.
Оның ашаршылық жылдарындағы өмірі, әкесінің қуғынға ұшырауы және соғыстағы жауынгерлік жолы Ресейдің «Память народа», «Мемориал» сияқты ірі мұрағаттық сайттарындағы құжаттармен нақтыланды.
Өңірлік «Қостанай таңы» (кезіндегі «Ауыл газеті», «Большевиктік жол») газетінде ұзақ жылдар тілші болып, 97 жасында газеттің 100 жылдығына арнап үлкен зерттеу еңбек жазғаны, сондай-ақ екі томдық «Думанды дәурен» мемуары талданды.
Соғыстан кейін Жітіқара өңірінде мектепте математика мен дене шынықтырудан сабақ беріп, «Үздік математик» атанған ұстаздық жолы сараланды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеттің проректоры Эльмира Наурызбаеваның айтуынша, биыл ақсақалдың 101 жасқа толуына орай осы диссертациялық жұмыстың негізінде үлкен монографиялық кітап жарық көрмек.
Университет ғалымдары Қасымхан Алдабергеновтің өмір жолы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының тірі шежіресі болғандықтан, бұл материалдарды мектептердегі «Қазақстан тарихы» пәніне, өлкетану курстары мен тәрбие сағаттарына қосымша құрал ретінде енгізуді ұсынып отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
