Қостанай ауданындағы №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінде алғаш рет облыстық деңгейдегі «Keleshek Camp Fest – 2026» жазғы көшбасшылар фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға облыстағы «Келешек мектептері» жобасына қатысатын алты білім беру ұйымының оқушылары жиналып, бір күн бойы спорттық, танымдық және шығармашылық бағдарламаларға қатысты.
Ұйымдастырушылар осындай іс-шара арқылы «Келешек мектептері» арасындағы байланысты нығайтып, оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға ден қойғандарын айтады. Ортақ білім беру және тәрбие кеңістігін қалыптастыру, сондай-ақ балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізу бас көздегендері.
Әр мектептің өз туы, эмблемасы мен ерекше ұраны бар. Балалардың көтеріңкі көңіл-күйі мен бір-бірімен танысуға деген қызығушылығы фестивальдің алғашқы минуттарынан-ақ байқалды. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерасыл Қазыбаев бұл іс-шараның ауқымына тоқталды.
«Биыл біз алғаш рет облыстағы «Келешек мектептері» арасында жазғы көшбасшылар фестивалін өткіздік. Негізгі мақсатымыз – оқушылар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, олардың көшбасшылық және коммуникативтік қабілеттерін дамыту. Бұл фестиваль келешек мектептері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Фестивальге негізінен 5-6 сынып оқушылары қатысты. Белсенді, шығармашыл әрі көшбасшылық қасиеттері жоғары балаларды іріктеп алдық. Олар бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, түрлі танымдық және спорттық іс-шараларға қатысты», – дейді Ерасыл Қазыбаев.
Аудандардан келген оқушылар аралас командаларға бөлініп, мектеп аумағында квест ойындарына қатысты. Сонымен қатар олар үшін «Келешек шоу-тайм» бағдарламасы аясында караоке-батл, би челлендждері және түрлі интерактивті ойындар өткізілді.
«Жалпы, бұл іс-шара жазғы лагерь жұмысы аясында ұйымдастырылды. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге, бос уақытын пайдалы әрі қызықты іс-шаралармен қамтуға ерекше көңіл бөлеміз. Сондықтан лагерь бағдарламасына квесттер, танымдық сабақтар, экскурсиялар, шығармашылық және спорттық жобалар енгізілген. «Келешек мектептері» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық жоба. №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі осы жоба аясында облыста алғашқылардың бірі болып 2024 жылдың қараша айында ашылды. Бұл мектептердің басты ерекшелігі – заманауи материалдық-техникалық базасы. Мұнда смарт-кабинеттер, робототехника сыныптары, физика, химия және нанотехнология зертханалары, ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар және басқа да инновациялық білім беру кеңістіктері бар. Алдағы уақытта мұндай фестивальдерді тұрақты түрде өткізіп, «Келешек мектептері» арасындағы байланысты одан әрі нығайтуды жоспарлап отырмыз», – дейді Ерасыл Қазыбаев.
Қостанай облысында бүгінде алты «Келешек мектебі» жұмыс істейді. Оның екеуі Қостанай қаласында орналасса, қалғандары Рудный қаласында, Әулиекөл ауданындағы Құсмұрында және Қостанай ауданында ашылған. Әр мектептен он оқушыдан қатысып, фестивальге жалпы саны алпыс бала жиналды.
Іс-шара бағдарламасы Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған республикалық айлық аясындағы флешмобпен жалғасты. Қостанай облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған акция барысында оқушылар «Біз есірткіге қарсымыз!» деген ұранмен саламатты өмір салтын насихаттады. Полиция қызметкері Әсем Ерденованың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың бойында жауапкершілік қалыптастыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал етеді.
«Жастардың назарын денсаулықты сақтау мәселесіне аудару, белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыру және есірткіге деген теріс көзқарасты нығайту. Біз спорт пен дұрыс құндылықтар арқылы дені сау әрі табысты ұрпақ тәрбиелеуге болады деп есептейміз», – деді облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері басқарма профилактикалық бағыттағы 500-ден астам іс-шара өткізген. Олардың қатарында акциялар, спорттық жарыстар, флешмобтар, дәрістер, дөңгелек үстелдер және ата-аналар жиналыстары бар. Бұл жұмыстармен 49 мыңнан астам адам қамтылған.
«Осы іс-шаралар барысында тұрғындарға есірткі құралдарын заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ есірткіні қолданудың зияны туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар тұрғындарға ақпараттық жадынамалар мен буклеттер таратылады. Ата-аналар жиналыстарында «Әр үйге – тест» акциясы өткізіліп, ата-аналарға есірткіні анықтайтын тесттерді қолдану тәртібі түсіндіріледі. Бұл өз кезегінде балалар арасында есірткі қолдану деректерін ерте кезеңде анықтауға және тәуелділіктің алдын алуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, осы жылғы 25 мамырдан бастап Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай республикалық айлық басталды. Оның аясында өңірде күн сайын түрлі профилактикалық және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді», – деді Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі.
Флешмобтан кейін фестивальдің ең қызықты бөлімдерінің бірі – KELESHEK SPORT CUP спорттық жарыстары басталды. Командалар эстафеталық сайыстарда, қозғалыс ойындарында және ұйымшылдықты талап ететін тапсырмаларда бақ сынады. Әр команда жеңіске жетуге бар күшін салғанымен, бұл жарыстардағы басты мақсат жүлде емес, өзара қолдау мен достық қарым-қатынасты нығайту болды. Одан кейін балалар аралас топтарға бөлініп, KELESHEK TEAM QUEST командалық квестіне қатысты. Бұл кезеңде әртүрлі мектептердің оқушылары бірігіп, логикалық және шығармашылық тапсырмаларды орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат балалардың жаңа ортаға тез бейімделуіне және бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын дамытуға жол ашты.
«Әулиекөл ауданындағы Құсмұрын жалпы білім беретін «Келешек мектебінің» оқушысымын. Біз «Keleshek Camp Fest – 2026» фестиваліне қатысу үшін арнайы келдік. Біздің мектептен он оқушы және екі жетекші мұғалім келді. Фестиваль өте қызықты өтті. Мұнда біз басқа мектептердің оқушыларымен танысып, жаңа достар таптық. Әсіресе командалық ойындар мен спорттық жарыстарға қатысқан ұнады. Мұндай іс-шаралар балалардың бір-бірімен араласуына, тәжірибе алмасуына және өз қабілеттерін көрсетуіне септігін тигізеді. Фестивальден жақсы әсер алдық. Қызықты сайыстар мен ойындар болды. Осындай ауқымды іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын», – дейді Әулиекөл ауданыны келген оқушы Айдана Купабаева.
Күннің екінші жартысында фестиваль шығармашылық бағытта жалғасты. KELESHEK SHOW TIME бағдарламасы аясында оқушылар караоке байқауына қатысып, би челлендждеріне қосылып, түрлі интерактивті ойындарда белсенділік танытты. Әсіресе би батлдары мен музыкалық сайыстар балалардың қызығушылығын оятты.

Фестиваль соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, мектептерге алғыс хаттар берілді. Ал спорттық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы кубоктар мен медальдарға ие болды. Ұйымдастырушылар бұл жобаны алдағы жылдары дәстүрлі іс-шараға айналдыруды жоспарлап отыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
