23 июня, 2025
Деструктивті діни ағымдарға қарсы тұру жөнінде кеңес берілді

Деструктивті діни ағымдарға қарсы тұру жөнінде кеңес берілді

Қазіргі қоғамда деструктивті діни ағымдардың таралуы жастардың санасына кері ықпал етіп, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіруде. Осыған байланысты Қостанай қаласында «CITY KOSTANAI» бизнес орталығының мәжіліс залында діни мәселелер бойынша білікті мамандар даярлау жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері үшін арнайы оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырылды.

Бұл шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ пен «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының қолдауымен өтті.

Семинарға облыстық дін істер басқармасы жанындағы діни проблемаларды зерттеу орталығының мамандары, мешіт өкілдері, білім саласының қызметкерлері, имамдар, психологтар мен теологтар қатысты. Олар жастар арасындағы экстремизм мен радикализмнің алдын алу үшін бірлесіп жұмыс жасау жолдарын талқылады.

Психолог Лола Шакимова семинар барысында деструктивті діни ағымдардың ұстанушыларын оңалтудағы психологиялық әдістерді жан-жақты түсіндіріп, олардың сыни ойлау қабілетін арттыру, эмоционалдық тұрақтылығын нығайту және әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру маңызды екенін атап өтті. Ол сондай-ақ деструктивті ағымдардан шығу кезеңдері мен жаңа өмірлік мақсаттарды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Жастардың санасына дұрыс бағыт беру арқылы ғана біз қоғамымыздың тыныштығын сақтап, деструктивті идеялардың алдын аламыз», – деді Лола Шакимова.

Педагог әрі психолог Мырзабек Тойғанов өз сөзінде деструктивті діни ағымдардың идеологиясы мен олардың ұстанушыларына тән ерекшеліктерді талдап, экстремизм мен радикализмнің алдын алу мақсатында ұлттық құндылықтарды жастар санасына терең сіңірудің маңыздылығын ерекше айтты.

Іс-шара соңында қатысушылар дәріскерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі түсінікті жауаптар алды. Бұл семинар жастарды деструктивті діни ағымдардан қорғау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Шұға АҢСАҒАНҚЫЗЫ