Стамбулдағы түркітілдер журналистер медиафорумында қозғалған тақырыптардың бірі – онлайн журналистика. Ол жөнінде «Сакарья» журналистер қауымдастығының төрағасы Муждат Четин пікір білдірді.
Қазір уақытта онлайн журналистиканың ықпалы күшейіп, дәстүрлі БАҚ-тан бәсі басым бола түсті. Бірақ, маманның айтуынша, Түркия мемлекеті баспа өнімдерін цифрлық трендтерге жұтылып кетуден қорғауға мүдделі болып отыр.
«Рас, онлайн-журналистика күшейді. Оған бәсекелестіктің төтеп беруі қиын болады. Бұрын белгілі бір өңірде бес газет болатын болса, жергілікті ресми хабарлама ұйымы оларға бірігу ұсынысын жасайды. «Бесеуден екеуге айналыңыздар, сонда біз сіздерге қаржы беріп жәрдемдесе аламыз» дейді. Өйткені бәрін бірдей ұстап тұрудың шығыны көбірек. Бұл ұйымның жергілікті газеттерге ақша бөлу себебі – дәстүрлі баспасөзді қолдауы, жабылып қалмауына қам жасауы», – дейді Муждат Четин.
Оның айтуынша, аталған ұйым арқылы мемлекет бірінші кезекте баспасөз өнімдерін оңтайландыра отырып көмек көрсетеді. Әрине, бұл елде заманауи сұранысқа сай ықпалы артып отырған онлайн-БАҚ-қа жасалатын қолдау шаралары да жүйеленген. Осы тақырып аясында ой-пікір айтушы мамандар қатары аз болмады.

Жалпы, салаға қатысты сан алуан мәселе қозғалып, пайымды көзқарастар айтылып, ұрымтал ұсыныстар жария етілді. Осы медиафорумға қатысып жатқан әріптесіміз Аслан Қанғожин іс-шара үстінен көрген-түйгенін, алған әсерін бізбен бөлісіп отыр.
«Барлық спикердің ой, көзқарас, ұсыныс, идеялары түркі әлемінің бірлігі, ақпараттық қауіпсіздіктегі де түркі әлемінің ауызбірлігі, ортақ ақпараттық кеңістік құру сияқты бір арнаға келіп тоғысады. Цифрландыру игіліктеріне байланысты да соны ұсыныстар айтылып жатыр. Түркітілдес елдерге ортақ цифрлық платформа құрылуы қажет деген тұжырымды да ерекшелеп атап өтуге болады. Қазақстандық делегаттардың жасаған баяндамалары да мазмұнды, тұшымды, ерекше болып, көпшіліктен қолдау тауып жатты», – дейді Аслан әріптесіміз,
