«Qostanai»: 35 жыл – медиақұрылымның мерейтойы

«Qostanai»: 35 жыл – медиақұрылымның мерейтойы

Облыстық «Qostanai» телеарнасы биыл жаңа телемаусымды мерейтойлық мерекемен бастады. Астықты аймақтағы қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын бұл медиақұрылымның эфирге хабар тарата бастағанына биыл 35 жыл толып отыр.

«Жастар сарайында» өткен салтанатты шарада осы ұжымда әр жылдарда еңбек еткен бірнеше буынның өкілдері бас қосты. Мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық-саяси ұйымдардың жетекшілері, ақпарат саласындағы әріптестер, мәдениет пен руханият саласының өкілдері қатысып, шығармашылық ұжымды мерейтоймен құттықтады. Телеарнаның үздік қызметкерлері марапатталды.

Алғашқы эфир – жаңа дәуірдің бастауы

Қостанай облыстық теледидарының алғашқы хабары эфирге 1991 жылдың 1 ақпанында шықты. Бұл шын мәнінде Тобыл өңіріндегі ақпарат саласының жаңа дәуірінің басталуы еді. Тақыр жерден телеарна ашу оңай болған жоқ. Техника да, арнайы мамандар да тапшы еді. Сондықтан облыстық радиокомитеттің бөлмелері босатылып қайта жабдықталып, телестудияға айналды. Бейнемагнитофондар, монтаж құрылғылары, телекамералар сатып алынды. Алғашқы сынақ хабарлар «Қазақстан» арнасынан аптасына 2 рет, сейсенбі және жұма күндері, 30 минут қазақ және орыс тілдерінде шықты. Ол  жаңалықтар мен шағын сұхбаттар болатын.

Қазіргі Әл-Фараби даңғылындағы «Март» сауда ойын-сауық орталығының орнында ол кезде «Қостанай» кинотеатры орналасқан еді. 1 ақпандағы алғашқы эфирдің хабары  осы жерде түсірілді. Сол шақта телеарнаның шымылдығын тұңғыш рет түрген екі тілші – Әуезхан Мадин мен Қайрат Мұқатов болатын.  Өкінішіке қарай Әуезхан Мадин бүгінде ортамызда жоқ. Ал мерекелік шараға келген Қайрат Мұқатов сол тарихи кезеңді былай деп еске алады:

«Алғашқы эфирдегі алғашқы сөзді Әуезхан Мадин көрермендермен амандасып қазақ тілінде бастауы тиіс еді. Ал мен оны әрі қарай орысша іліп әкетуім керек. Ол кезде қазіргідей режиссермен байланысатын құрылғы жоқ. Түсірілімнің басталғанын камерадағы кішкентай қызыл нүкте жанғанынан байқап, сөйлеуіміз қажет. Сөйтіп дайындалып тұрмыз. Бір кезде қызыл нүкте жанды, Әуезхан үнсіз. Шамасы камера қосылғанын байқамаған. Мен ақырындап бүйірінен түрттім. Сол сәтте ол да бәрін түсініп, көрермендермен амандасты. Алғашқы тарихи эфир солай басталып еді».

Қайрат Мұқатов өзінің 20 жылға жуық уақыт ғұмырын телеарнамен байланыстырды. Күнделікті жаңалықтар сюжеттерін, сараптамалық материалдар дайындады. «Криминал», «Регион 10» хабарларын жүргізді.

Кәсіби мамандар  ұстаханасы

35 жыл ішінде талай адам тағдырын телеарнамен байланыстырды. Осы жерде көгілдір экранның құпиясына қанығып, әліппесін үйренді. Шеберлігін шыңдады. Кәсіби маманға айналды. Бүгінде  қызметін «Qostanai»арнасынан бастаған 40-тан астам адам орталық арналарда жемісті еңбек етіп жүр. Мағауия Қалиев, Еркін Таңатқанұлы, Алла Гаврина, Гүлжан Марқабаева, Дулат Жексенбайұлы, тағы да басқа майталман мамандардың есімі республика жұртшылығына кеңінен таныс.

Салтанатты жиында сөз алған арнаның қазіргі басшысы Заңғар Санай да сонау 2005 жылы еңбек жолын осы ұжымда бастағанын атап өтті. Кейін ұзақ жыл республикалық «Астана» телеарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болды. 2026 жылы облыстық «Qostanai»телеаранасының директоры қызметіне тағайындалды.

blank

Ал 5 жылдан бері телеарна директорының орынбасары міндетін атқарып келе жатқан Лина Карелина, бұл жерге алғашында радио дикторы болып келгенін айтады. 2002 жылы телеарнада жаңалықтар жүргізушісі болып, тілші, редактор сияқты барлық қызмет баспалдақтарынан өтті. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Халық алғысы», «Ерен еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған.

blank

«Өзім қызмет еткен 24 жыл ішінде телеарна менің екінші үйіме, отбасыма айналды. Осы жерден тек кәсіби ғана емес, үлкен өмірлік тәжірибе жинадым. Маман ретінде ғана емес, адам ретінде қалыптастым. Жұмысым ешқашан жалықтырған емес. Жаңа буын жастармен жұмыс істеу қашанда қызықты. Үнемі тыңидеялар ұсынып, ізденіс үстінде болу, жаңа жобалар дайындау ойды сергітіп, бойыңа күш-жігер құяды, өмірге құштарлығыңды арттырады – дейді Лина Карелина.

Салтанатты жиында Серік Шайман, Нәзира Жәрімбетова, Мұхтар Сибанбаев сынды телеарна ардагерлері де сөз алып, телеарнаның қалыптасу кезеңі туралы қызықты естеліктермен бөлісті. Өткенді ой елегінен өткізіп, өздері жүріп өткен жолды жалғастырып келе жатқан бүгінгі буынға ізгі тілектерін жеткізді.

blank

Мерейтойға келген құрметті қонақтардың бірі – 97 жастағы ақпарат саласының ардагері Дәуренбек Ахметбеков ақсақал.

blank

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 11 жаста болған ол, бала күнінен тылда еңбек еткен. 1954 жылдан бастап «Лениншіл жас» газетінің Қостанайдағы тілшісі, «Қостанай таңы» газетінің әдеби бөлімі меңгерушісі міндетін атқарған. 1959 жылы облыстық радиоға аға редактор қызметіне ауысып, 30 еңбек еткен тарихтың тірі шежіресі.

«Зейнетке шыққаныма да қырық жылға жуықтады. Әлі күнге телеарнадан жаңалықтарды қалт жібермей қарап отыруға тырысамын. Бүгінгі жастардың қадамына ризамын. Баршаңа шығармашылық табыс тілеймін. Әрдайым биік белестерді бағындыра беріңдер», – деп ардагер жүрекжарды лебізін жеткізді.

Телеарнаның бүгінгі келбеті

«QOSTANAI» — бүгінде «Қазақстан» корпорациясының құрамына кіретін аймақтардағы 14  филиалдың ішінде алдыңғы лекте келе жатқан, 62 адам еңбек ететін, құрал-сайманы сай заманауи телеарна. Тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Соның ішінде 66 пайызы таза өз өнімі. Хабарлардың 74 пайызы мемлекеттік тілде шығады. Жалпы 40-қа жуық авторлық хабар дайындалады.  Бағдарламалар қоғамның барлық саласын қамтиды. Мысалы «Ел мүддесі», «Бірінші студия», «Диалог», «Тема», «Тақырып»  хабарларында өзекті мәселелер талқыланса, «AI Sana», «Біздің бағыт», «ТазаLaik», «Туған жер тұлғалары» танымдық хабарлар. «Бізбен бірге», «Талант таим» сынды ойын-сауық бағдарламалары да бар.

blank blank blank blank

Ел мен жердің тарихынан, әлеуметтік-экономикалық ахуалынан, ауыл жұртының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін «Елбесік», «Регион 10» хабарлары ұзақ жылдан бері көрермен көзайымына айналып келеді. Қазіргі заманғы сұранысқа сай телеарна хабарларын https://qostanaitv.kz/kz саиты арқылы ғаламтор желісінен онлайн тамашалауға болады. Эфирге шыққан бағдарламлардың толық нұсқасын да осы жерден көруге мүмкіндік бар. Мұның сыртында арнаның барлық әлеуметтік желіде аккаунттары жұмыс істеп тұр. Бұл телеарнаның заман көшінен қалмай, барлық өзгерістер мен жаңашылдықтарды игеріп, алға қарай сенімді қадам басып бара жатқандығының дәлелі.

Жаңа телемаусымда 9 тың жоба көрерменге жол тартады. Сонымен қатар заманауи телестудия жабдықталу үстінде.

Тойға тарту

Телеарнаның 35 жылдық мерейтойына келген қонақтар тек ізгі тілектерін айтумен шектелмей, шығармашылық ұжымға сый-сыяпаттарын да ұсынды. Арнаның 4 редакторына облыс әкімінің, тағы екеуіне «Әділет» партиясының атынан  грамоталар табысталды.

 «Облыстық телеарнаға жұмысқа 2024 жылы орналастым. Уақыт жүйрік. Одан беріде екі жылдан асыпты. Алғашында «Бірінші студия» атты қоғамдық-саяси бағдарламаны тізгіндедім. Кейін «Қаржы құпиясы», «Агробизнес» хабарларын жүргіздім. Бүгінгі таңда «Туған жер тұлғалары» деректі фильмінің және «Елбесік» әлеуметтік-қоғамдық бағдарламасының тізгінін ұстап жүрмін. Еңбектің еленіп, бағаланғаны көңіл қуантады», — дейді «Qostanai» телеарнасының редакторы Бейбіт Нұрмұханов.

Мерейтойға келген көршілес Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызылжар» телеарнасының директоры Рәзия Ыдырсбаева, «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ернұр Бураханның құттықтауын жеткізді. «35 жыл – өңірдің тыныс-тіршілігін таспаға түсіріп, елдің қуанышы мен өзекті мәселесін көрерменге жеткізген тарихи кезең. 1991 жылы құрылған «Qostanai» телеарнасы – осы жылдар ішінде медиакеңістікте өзіндік орны бар БАҚ айналды» делінген құттықтау хатта.

Ал Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов демеушілер атынан телеарнаға жеңіл автокөлік тарту етті.

 

«35 жыл – өткенге есеп беретін белес. Бірақ одан да маңыздысы – алдағы кезеңге бастайтын меже. Бұрын телеарнаның бәсекелесі басқа телеарна болуы мүмкін еді. Бүгін оның бәсекелесі адамның назарын аударған цифрлық әлем. Сондықтан жаңа дәуірдің телевизиясы жылдам, мобильді, мазмұнды әрі креативті болуы керек. Қазір телеарна ғимараты орналасқан аула абаттандырылды, жаңарды. Ғимаратты республикалық баланстан облыстық әкімдік балансына алған соң, заманауи талаптарға сай жөндейміз. Біз де журналистердің жайлы, жарық студияда жұмыс істегенін қалаймыз. Уақыт ауысқан сайын құрал өзгерді, бірақ мұрат өзгерген жоқ. Елге қызмет ету үшін иық тіресіп бірге нәтижелі жұмысымызды жалғастыратындығымызға бек сенімдімін», – деді Бақытжан Нарымбетов өзінің құттықтау сөзінде.

Осылайша Тобыл өңіріндегі тұңғыш телеарнаның мерейтойлық кеші мазмұн мен тағылымға толы болды.  Алда жаңа белестер күтіп тұр. Басты міндет – көрерменге өресін өсіретін салмақты, сапалы дүние ұсыну. «Qostanai» – астықты аймақтың тарихын таспалаған жаршысы, жылнамашысы болып қала бермек.

            Дәуренбек ӘБДІБЕК