Қостанай облысында цифрландыру мен инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде. Өңірде IT-стартаптарды қолдау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және жас мамандарды даярлау ісі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев ӨКҚ алаңында мәлімдеді.
Бүгінде өңірдегі технологияның басты орталығына айналған Qostanai Hub қысқа уақыт ішінде елеулі нәтижелерге қол жеткізген. Қазіргі таңда хабтың жалпы аумағы 4,5 мың шаршы метр. Мұнда стартап-командалар мен жас әзірлеушілерге арналған 40 заманауи жұмыс орны, воркшоптар мен менторлық кездесулер өткізетін үш оқу залы және жүз орындық конференц-зал жұмыс істейді.
«Алайда IT саласына қызығушылықтың артуы жаңа мүмкіндіктерді талап етуде. Осыған байланысты өңірде көлемі 8 мың шаршы метр болатын толыққанды IT-парк құру жобасын қолға алдық. Жаңа кешен құрамына Tomorrow School халықаралық жасанды интеллект мектебі, өңірлік хаб және ЖИ зертханалары біріктірілмек. Бұл бастама Қостанай облысын еліміздегі маңызды технологиялық орталықтардың біріне айналдыруға бағытталған», – деді Азамат Кашиев.
Соңғы екі жыл ішінде Qostanai Hub өңірдің инновациялық дамуына айтарлықтай серпін берді. Осы кезеңде 270-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, оған жеті мыңнан аса адам қатысқан. Сонымен қатар 155 стартап-жоба нақты қолдауға ие болып, олардың он шақтысы еліміздің ең ірі халықаралық технопаркі саналатын Astana Hub резиденттері қатарына енген.
«Өңір жастарына білім алуға да кең мүмкіндік жасалған. Қостанайлықтар үшін Astana Hub платформасындағы 357-ден астам білім беру курсына қолжетімділік ашылған. Ал жергілікті перспективалы стартаптар өз жобаларын дамыту үшін 325 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарта алды. Саладағы оң өзгерістердің бірі – өңірдегі Astana Hub резиденттері санының артуы. Егер 2022-2024 жылдары Қостанай облысында мұндай компаниялар саны небәрі бесеу болса, өткен жылы олардың саны 13-ке жетті. Ал осы жылы бұл көрсеткішті 25 компанияға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мамандар мұны өңірде толыққанды әрі бәсекеге қабілетті IT-кластердің қалыптасуының айқын дәлелі деп бағалайды», – деді ол.
Болашақ мамандарды даярлау бағытында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Tomorrow School халықаралық жасанды интеллект мектебінің іске қосылуы. Қазіргі таңда мұнда 50 технологиялық жұмыс орны ашылған. Жоба аясында жастар жасанды интеллект, деректерді талдау және машиналық оқыту бағыттары бойынша тәжірибелік білім алады.
Өңірлік хаб басшылығы алдағы уақытта акселерациялық бағдарламаларды күшейтіп, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және жаңа IT-жобаларды қолдауға басымдық бермек. Бұл бастамалар Қостанай облысының цифрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
суретті ұсынған — ӨКҚ
