Қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі адалдық. Адал еңбек, әділ әрекет, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттер қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің дамуына жол ашады. Осы бағыттағы маңызды рухани кездесулердің бірі Қостанай қаласындағы «Жайлаубай ата» мешітінде ұйымдастырылған «Адал азамат – адал қоғам» атты дөңгелек үстелде кеңінен қозғалды.
Іс-шараның қонағы ретінде Қазақстанның Еңбек ері Сайран Бұқанов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті оқытушылары мен студенттері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және кітапхана қызметкерлері қатысты.

Кездесуде қоғамда әділдік пен адалдық құндылықтарын насихаттау, жастарды ар-ұят, жауапкершілік, еңбекқорлық қағидаттарына баулу турасында сөз болды.
Жиынды ашқан «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов адал қоғам қалыптастыру әр азаматтың ішкі мәдениеті мен тәрбиесінен басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, адалдық – тек заң алдында емес, Жаратушы алдында да жауапкершілік сезіну.
«Қоғамға қызмет ету – халыққа қызмет ету. Халыққа адал еңбек еткен адам ғана елдің құрметіне бөленеді. Биылғы жыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «Ислам және адал қоғам» жылы болып жарияланды. Бұл бастаманың мақсаты – қоғам өмірінің барлық саласында адалдық қағидаттарын орнықтыру», – деді бас имам.
Шоқан қажы жастарға қарап сөйлеген сөзінде мемлекет болашағы білімді әрі тәрбиелі ұрпақтың қолында екенін ерекше айтты. Сонымен қатар ол кітаптың, рухани тәрбиенің маңызын тілге тиек етіп, Лев Толстой атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған кітап көрмесінің мәніне тоқталды.
Кездесуде Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сайран Бұқанов жастармен еркін әңгіме құрды. Өмір жолын қарапайым ауылдан бастаған еңбек адамы өзінің жетістігі маңдай тер мен адал еңбектің арқасында келгенін айтты.
Ол балалық шағында әкесінен ерте айырылып, әжесінің тәрбиесін көргенін жеткізді. Мектеп қабырғасынан бастап агроном болуды мақсат еткенін, кейін сол арманына жеткенін жеткізді.

«Адам өмірінде мақсат болуы керек. Мұхтар Шаханов айтқандай, үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға. Мақсатсыз жетістік болмайды. Бірақ сол мақсатқа жету үшін адал еңбек ету қажет», – деді еңбек ардагері.
Сайран Балкенұлы қазіргі жастарға диплом алу ғана емес, мамандықты сүйіп таңдау маңызды екенін жеткізді. Оның пікірінше, мемлекет жастардың білім алуына үлкен қаражат жұмсайды, сондықтан әр түлек өз саласында еңбек етуі тиіс.
«Адал еңбек жасасаң, халықтың құрметі де, мемлекеттің марапаты да өзінен-өзі келеді. Елдің алғысын алу – ең үлкен бақыт», – деді ол.
Еңбек ардагері өзі ұзақ жылдар басшылық еткен шаруашылықтағы тәжірибесімен де бөлісті. Кеңес дәуірінен кейінгі қиын кезеңде ауылдағы мектеп, балабақша, мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандарды сақтап қалу жолында еңбек еткенін айтты. Оның сөзінен туған жерге деген жанашырлық пен елге деген адалдық анық байқалды.
Кездесуде сөз алған прокуратура органдарының ардагері, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ аға оқытушысы Еркін Құрманалиев адал азамат ұғымына құқықтық тұрғыдан тоқталды. Ол қазіргі қоғам үшін құқықтық мәдениет пен заңға құрметтің маңызы ерекше екенін айтты.
«Адал азамат – бұл жай ғана сөз емес. Бұл – өмірлік ұстаным. Құқықтық мемлекет әр адамның құқықтық санасынан басталады. Заң мен тәртіп қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі», – деді ол.
Аға оқытушы елімізде жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатына тоқталып, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар ол әлем елдеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау тәжірибелерін мысалға келтіріп, жастарды қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.

Кездесуге қатысқан студенттер мен жастар тағылымды әңгімеден үлкен әсер алды. Себебі айтылған әрбір ойдың түп-төркіні бір арнаға – адалдыққа, еңбекқорлыққа, әділдікке келіп тоғысты. Шынында да, адал қоғам бір күнде қалыптаспайды. Ол – отбасы тәрбиесі, рухани құндылық, заңға құрмет, адал еңбек пен азаматтық жауапкершіліктің нәтижесі. Абайдың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деген сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қоғамның болашағы бүгінгі жастар. Ал жастардың бойында адалдық пен әділдік қасиеттері қалыптасса, елдің ертеңі де берік болмақ. Сондықтан мұндай рухани кездесулердің маңызы зор. Олар жас ұрпақтың санасына елге қызмет ету, халыққа пайда келтіру, ар алдында таза болу сияқты асыл құндылықтарды сіңіреді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген — автор
