«Chevrolet Onix» автомобиль өндірісінің роботтандырылған желісі іске қосылуға дайын

«Chevrolet Onix» автомобиль өндірісінің роботтандырылған желісі іске қосылуға дайын

Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жылына 30 мың «Chevrolet Enix» автокөлігін шығаратын шағын тораптық өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр.

Жобаның жалпы құны 23 млрд теңге. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл кәсіпорынның іске қосылуға дайын тұрғанын, мұнда 400 жаңа жұмыс орны ашылатынын баяндады. Бұл өндіріс көлемін 20% арттыруға мүмкіндік береді.

“Осы жылы индустриялық аймақ аумағында 2 жобаны іске қосу жоспарлануда: тракторларға арналған кабиналар өндірісі (құны – 8,3 млрд теңге, 100 жаңа жұмыс орны).  Тиімділігі: бюджетке жылдық салық төлемдері 180,0 млн теңге. Екінші жоба – коммуналдық техниканың шанақтары мен қондырмаларын өндіру, нәтижесінде 180 жаңа жұмыс орны ашылады”, – деді Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ аймақ басшысы «KIA» автомобиль өндіру зауытының құрылысы басталғанын мәлімдеді. Алғашқы көлік 2025 жылдың жазында шығарылады деп жоспарланған.

Айта кетсек, осы жылдың басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін іске қосу рәсімінде Оңтүстік Корея компаниясының басшылығымен кездесіп, экономикалық дамудың басым тұстарын белгіледі, солардың ішінде басымдыққа ие болған жобаның бірі – Қостанайдағы жаңа KIA зауытының құрылысы. Бұған дейін 11 қарашада Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен құрылыстың салтанатты басталу рәсімі өткенін хабарлаған едік.

Жылына 70 мың автокөлік құрастырылатын жаңа зауытқа 90 млрд теңге инвестиция құйылмақ.

Өңірде құрамында 90%-дан астам темір бар металдандырылған шикізаттың жаңа түрі – ыстық брикеттелген шойын өндіретін зауыт салынбақ. Облыс әкімі осы жөнінде де тілге тиек етті.

“Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде бюджетке салық аударымдары жыл сайын шамамен 60,0 млрд теңгені құрап, 1000 жұмыс орны ашылады. Тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін біз «құрғақ порт» көлік-логистикалық кешенін салуды жоспарлап отырмыз”, – деді ол.

Инвестиция көлемі – шамамен 37 млрд теңге, 350 жұмыс орны құрылатын болады.

Жоба халықаралық көліктік-логистикалық хаб құруға жол ашып, бюджетке жыл сайын кемінде 3,5 млрд теңге салық төлейді деп есептелініп отыр.

Жаңалықтармен бөлісу