Бүгінгі Президент мақаласындағы ойлар – бүгінгі қоғамға, әсіресе жастар тәрбиесіне арналған нақты әрі өміршең бағдар деп есептеймін. Мемлекет басшысы отаншылдықты ұранмен емес, күнделікті адал еңбекпен, жауапкершілікпен байланыстыра түсіндіруі – аса маңызды. Бұл – формализмнен арылып, шынайы құндылықтарға бет бұрудың айқын көрінісі.
Мен жастармен жиі кездесіп, «Адал азамат» жобасы аясында пікір алмасып жүрмін. Сол кездесулерде байқағаным – жастарға дәл осындай айқын, қарапайым әрі әділ ұстанымдар қажет. Президент атап өткендей, отаншылдық – қоқыс тастамаудан, табиғатты аялаудан, үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсетуден басталады деген ой жастарға ерекше әсер етеді. Өйткені бұл әр адамның күнделікті әрекетіне тікелей қатысты.
Сондай-ақ мақалада «Заң мен Тәртіп» қағидатын басты құндылық ретінде белгілеуі – ел болашағы үшін маңызды шешім. Адал азамат тәрбиелеу үшін алдымен заңға бағынатын, еңбекті қадірлейтін, жауапкершілікті сезінетін ұрпақ қалыптастыру қажет. Бұл ұстаным «Адал азамат» жобасының идеясымен толық үндеседі.
Президент көтерген «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты да қазіргі күрделі әлемдік жағдайда Қазақстан қоғамы үшін аса өзекті. Бір-бірін құрметтейтін, сабырлы, тәртіпке бағынатын қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады.
Қорытындылай келе, бұл мақала – жай ғана пікір емес, ел азаматтарына, әсіресе жас буынға арналған нақты моральдық бағдар. Біз осы идеяларды күнделікті жұмысымызда, жастармен кездесулерде жүйелі түрде насихаттау арқылы әділетті, еңбекқор және адал қоғам құруға өз үлесімізді қоса аламыз.
Айбек Таңатбаев,
Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі
