Әскерге барып, білім грантына қол жеткізді

Әскерге барып, білім грантына қол жеткізді

Соңғы жылдары елімізде әскери борышын өтеген жастарға жоғары оқу орындарында тегін оқуға арнайы гранттар бөлінуде. Мұндай жеңілдіктің бірі жуырда Қарасу ауданы Железнодорожный ауылының тумасы Тамерлан Бейсембаевқа бұйырды.

Ақжолтай хабар бүкіл Қарасу ауданына лезде тарады. Өйткені, мұндай қуанышты жағдай аталған өлкеде тұңғыш рет орын алып отыр. Жас жігіт Тамерлан Бейсембаев өз еркімен Отан алдындағы азаматтың борышын өтеуге аттанып, әскерде үлгілі тәртібімен көзге түсіп, оқу-жаттығу кезінде жоғары нәтижеге қол жеткізіпті. Сарбаздың ынта-жігері ескеріліп, Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсуге грант сертификаты табысталыпты.

«Ер-жігіттің алғашқы міндеті – Отанға адал қызметі ету. Мен бұл парызды орындау үшін 2024 жылдың 25-желтоқсанында өз еркіммен аудандық әскери комиссариатқа барып, әскерге барғым келетінін айттым. Медициналық комиссияның тексеруінен өткен соң құжаттарымды рәсімдеді. Мені Теміртау қаласындағы №5516 әскери бөлімге жіберді. Әскер өмірі маған тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Мен бұл жақтан көптеген дос таптым. Әр күнім – мықты, қайратты, сенімді болуға баулыды. Кез-келген жас жігіт бұл жолдан өтуі керек деп есептеймін. Отанды сүю – міндетің, Отанды қорғау – парызың», – дейді сарбаз Тамерлан Бейсембаев.

Бізге жеткен ақпарат бойынша, Тамерлан әскери тәртіпті сақтап, оқу-жаттығуда үздік атанған. Жерлесіміздің осынау жетістігі ескеріліп, Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсуге арналған білім грантының сертификаты табысталыпты. Мемлекеттің аталған қолдауы көптеген сарбазға әскери борышын өтеген соң, бірден жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік сыйламақ.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Қарасу ауданы