Жұмысшы мамандықтар жылы аясында түрлі салалардың өкілдері Костанай облысы кәсіпкерлер палатасында өз тәжірибелерімен бөлісуде. Олардың арасында «Большевичка» фабрикасының тігін цехының шебері Айғанша Қойшыбаева да бар. Ол кәсіпорында 38 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
– Мамандық таңдауда қателеспедім деп толығымен айта аламын. Себебі, бұл менің сүйікті ісім. Жұмысқа қуанып келемін. Өндірісте жұмықа келгеннен бастап іске кірістім. 2019 жылы сапа бақылаушысы болдым. Үш жылдан соң цех шебері лауазымына көтерілдім. Карьерлық өсуімде ұжымның рөлі зор болды, — дейді Айғанша Койшыбаева.
Қазіргі уақытта «Большевичка» фабрикасында қорғаныс жилеттерін шығару өндірісі қолға алынған.
Сонымен қатар, фабрикада жаңа перспективалық бағыт ретінде қысқы костюмдер тігу қолға алынып, оларда қарлы матамен толтырғыш қолданылуда. Бұл жаңа бағыттар жұмысшылардың кәсіби деңгейі мен шеберлігінің өсуіне ықпал етті.
–Биыл жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғандықтан, бұл біз үшін жастарға тағы бір мүмкіндік беру. Фабрикаға келіп, жұмысшы мамандығын игеріп, кейінірек карьерлік өсу жолымен жүріп, өз тәжірибеңді басқаларға үйрету мүмкіндігіне ие бола аласыздар. Бізде барлық жағдай жасалған, болашақта жатақхана салынады, фабрика жанында балалар студиясы жұмыс істейді, — деп атап өтті Айғанша Қойшыбаева.
Қазіргі уақытта әйгілі «Большевичка» фабрикасы заманға сай басқару жүйесінің арқасында даму кезеңін бастан өткеруде.
Қазір фабрика делегациясы Абу-Дабиде өтетін ең үлкен қорғаныс көрмесі мен конференциясы IDEX 2025 іс-шарасына қатысып жатыр.
Бұл — қорғаныс саласындағы әлемдік маңызды оқиға. Көрме әр екі жыл сайын БАӘ президентінің патронажымен өтеді және осы саланың жетекші мамандары мен жаңа технологияларды таныстыратын ірі іс-шара.
Бұл жерде костанайлық «Большевичка» фабрикасы арнайы формалық киімдер саласындағы инновациялық шешімдерін көрсетеді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА