Ақтауда болған ұшақ апатын зерттеуге халықаралық дәрежедегі зертхана араласып жатыр.
Қазақстанның бұл жағдайда ұстанған ұстанымы жоғары деңгейдегі кәсіби және бейтарап көзқарастың үлгісі деп бағаланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан және Ресей басшыларымен жүргізген келіссөздері нәтижесінде барлық тараптарды қанағаттандыратын шешім қабылданды. Бұл қадам авиациялық оқиғаларды тергеуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Бразилиядағы ұшақты шығарушы елдің аккредиттелген орталығына жіберу – ИКАО талаптарына сай, ең ұтымды шешім. CENIPA зертханасының сертификатталған құралдары мен техникалық мүмкіндіктері жоғары деңгейде болғандықтан, жазғыштарды таратып оқу процесінің объективтілігіне күмән жоқ.
Бұл шешім Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді мүлтіксіз орындауға деген адалдығын көрсетіп қана қоймай, елдің бейтарап әрі әділ арағайын ретіндегі рөлін нақтылай түседі. Сондай-ақ, бұл қадам авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаһандық ынтымақтастықтың үлгісіне айналады. Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында сенімді серіктес ретінде өз беделін нығайтуда.
Ғайния ЕСЕЕВА,
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты