Біздің батыр бабаларымыз

Біздің батыр бабаларымыз

Біздің екі бабамыз – Рахманов Әбілтай (1898-1980 жж.) және Рахманов Әбділда (1906-1942 жж.) 1941-45 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ал өз атамыз Әбдіқадыр Әбдірайымұлы бабаларымыздың қайтыс болған, өткен ғұмыр-тірліктерінде аса бір елеулі күндерді (ерекше еңбек-ерлік, Жеңіс күні, артиллерияшылар күні, Сталинградты жаудан босатқан күн – 18 қараша) ұмытпай, мешітке барып, садақа беріп, отбасында жайылған дастарқанда, әрбір бейсенбі-жұма күндері арнайы дұға оқып-бағыштайды. Сонымен қатар, әртүрлі  себеппен бастары қосылған осы кісілердің барлық ұрпақтарына бабалар рухын жаңғыртып, ол кісілер туралы әңгіме-естеліктер айтып отырады.

Әбілтай бабамыз 1942 жылы маусым айында 44 жасында соғысқа алынып, жаяу әскер-автоматшылар ротасының жауынгері ретінде Сталинградты жау қолынан босату шайқастарына қатысқан. Қиян-кескі шайқас-шабуылдардың бірінде жанына түскен снарядтан қатты жарақат алып, Саратов госпиталінде үш ай емделген көрінеді. Жазылып шыққаннан кейін 1943 жылдың наурызынан бастап қайта майдан шебіне оралып, жаудан Қырым жерлерін босатуға қатысыпты. Молдавия жерінен бастап, авиаполкте қызмет етіп, соғысты жеңіспен Берлин қаласында аяқтайды.  47 жасында аман-сау елге оралған. Біз – осы бабаның балалары Рахман тегі Әшірбай және Әбдіқадыр аталардың немерелеріміз. Ата-бабаларымыздың атына сай болып, оқып-білім алып, елімізге адал қызмет етуді мақсат көреміз. Оқуымыз жақсы, өнер, білім үйірмелеріне белсенді қатысып жүрміз.

Ал, үлкен бабамыздың туған інісі Әбділда Рахманов артиллерия полкінде взвод командирі болып қызмет атқарыпты. 1944 жылы Батыс Украинаның Гашарня селосының түбіндегі үш күнге созылған  сұрапыл соғыста снаряд жарықшағынан ауыр жарақат алып, далалық госпиталде қайтыс болған. Бабамыз сол елді мекеннің батпақты қалың орманы ішіндегі №1 жалпы-көпшілік зиратында мәңгілікке дамылдап жатыр. Зейнеткер  атам  майдангер бабамыз жерленген «Морозово» қыстағының  тұрғындарына  хат  арқылы  ол  туралы толыққанды мәлімет-деректер жазып жіберді. Алдағы жылы әулет ұрпақтары батыр бабамыздың Украина жеріндегі қабіріне ұлттық дәстүрімізбен арнайы тағзым етіп қайтуды жоспарлап жүрміз.

Өткен жылы Аманкелді ауданының Үрпек аулындағы орталық қорымдағы бабаларымыздың анасы Гүлжәмила Жамауқызы –  ұлы әжеміздің қасына майдангер бабаны туған топырағында есте сақтау мақсатында ескерткіш-белгі қойдық. Ал, биыл  аталған бабалар ұрпағы – Әбдіқадыр атамыздың бастамашы-қолдау жасауымен Үрпек ауылынан соғысқа қатысқан 200-ден аса майдангердің құрметіне «ДАҢҚ АЛЛЕЯСЫ» жасалып, мемориалдық тақта орнатылды. Майдангер екі бабамыздың портреттері үйіміздің төрінде ілулі тұр. Алтынай әжеміз Әбілтай бабамыз киген қамзол-бешпентті қастерлеп ұстап, анда-санда алыс сапар, жол жүрер алдында, оқу мен байқау-жарысқа кетіп бара жатқан немерелері, көкелеріміз бен тәтелеріміздің ырымдап иықтарына жабатыны бар.  Бабалар рухы бізді кез келген уақытта желеп-жебеп, қорғап жүретінін  жақын-анық  сезінеміз.

Майдангерлердің шөберелері:

Айжан Әбдіқадыр,

Қостанай қаласының  №10 ЖБМ   5 «В» сынып оқушысы;

Айшабибі Әшірбай,

Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атындағы

гимназияның 5 «Б» сынып оқушысы

Жаңалықтармен бөлісу