Бірлік болса, бейнет бұлты серпілер

Бірлік болса, бейнет бұлты серпілер

Қазіргі ел көлеміндегі тасқын-топан халқымыздың қабырғасына батып отыр. Су басқан ауыл-аймақ, үй-жай, мал-мүлкінен айырылған жұрттың ауыр ахуалын көріп, жанымыз ауырады.

Біздің облыстағы жағдайды да екі көзіміз төрт болып бақылаумен отырмыз. Бір қуантатыны — осынау сын-сәтте ауызбірлігіміз, ағайыншылдығымыз, ынтымағымыз бен қайырым-мейіріміміз байқалып, жұдырықтай жұмыла түстік.

Үкімет тарапынан барынша көмек көрсетілетінін естіп-біліп отырмыз. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге тағы да үндеу жолдады. Президентіміздің: “Жапа шеккен бірде-бір тұрғын жәрдемсіз қалмайды. Барлық шығын өтеледі”, — деген мағынадағы айтқан сөзі ел көңіліне медеу сыйлап, үмітін үкілей түскені сөзсіз. Ол қазір қауіпке қарсы жүргізіліп жатқан қам-қарекеттен мәлімет беріп, тиісті орындарға нақты тапсырмалар жүктелгенін және елдегі жағдайды тікелей бақылауында ұстап отырғанын атап өтті. Демек, Президентіміз бас болып, біз ортақ мүдде жолында ұйыса түсуіміз керек!

Дана қазақ” Күш — бірлікте” деген емес пе! Елдігіміз, тектілігіміз, ынтымағымыз тұғырлы болып тұрғанда біз еңсермейтін қиыншылық жоқ деп сенеміз! Ең бастысы, бос дүрбелеңге салынбай, сабыр мен төзімге берік болайық! Қайғы тұманы с ерпіліп, бұлт астынан күн шықсын деп ақ тілегімді айтқым келеді.

 

Мәлік Нұрғалиев, 

Мәдениет саласының үздігі, 

Қостанай қаласының тұрғыны

Жаңалықтармен бөлісу