Бұл жұмыстар электронды форматта жүргізілмек. Биыл облыс мектептеріне шамамен 9 мың бірінші сынып оқушылары келеді деп жоспарланып отыр.
Өтініштерді қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Бағила Ибрагимова мәлімдеді.
«Егер балаға ерекше білім беру жағдайлары қажет болса, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы ұсынылуы тиіс. Ал шетел азаматтары үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсаты бар екенін және тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттарды тапсыруы қажет», — дейді Бағила Ибрагимова.
Өтініштер демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Қабылдау 3:1 қағидаты бойынша жүргізіледі.
Алдымен мектептің қызмет көрсету аумағынан үш өтініш, содан кейін басқа аумақтан бір өтініш қарастырылады. Мамандар ата-аналарға құжаттарды соңғы күндерге қалдырмай, алдын ала тапсыруды ұсынады. Себебі кейбір сұранысқа ие мектептерде сынып орындары қабылдау мерзімі аяқталмай тұрып толып кетуі мүмкін. Сонымен қатар медициналық анықтамаларды алу белгілі бір уақытты қажет етеді.
Сонымен қатар биыл инновациялық мектептердің бірінші сыныптарына қабылдау тәртібі өзгерді. Бұрын қолданылған әңгімелесу мен тестілеу түріндегі емтихандар толықтай алынып тасталды. Енді балалар бұл мектептерге жалпы негізде қабылданады.
Ата-аналар арасында мектепалды даярлыққа қатысты сұрақтар жиі туындайды. Мамандардың айтуынша, мектепалды даярлық міндетті болып табылады және ол отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің мектепалды сыныптарында немесе жекеменшік білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
