Білім бұлағының шырақшылары

 Білім бұлағының шырақшылары

Елімізде ресми түрде Кітапханашы күні бекітілген болатын. Биыл кәсіби мереке төртінші рет тойланып отыр. Бұл күн – кітапхана саласында еңбек етіп жүрген, мәдениет пен руханияттың шамшырағына айналған жандарға құрмет көрсету күні.

Қостанай облысында да кітапханашылар күні ерекше мазмұнда өтті. Биыл мерекелік шара екі күндік оқыту курстарымен ұштасып отыр. Заманауи форматта ұйымдастырылған курстар кітапхана жүйесінің мамандарына арналған. Курстың мақсаты – жасанды интеллектіні кітапхана саласына енгізу, жаңа технологияларды тиімді пайдалану арқылы ақпараттық қызмет сапасын арттыру.

Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов құттықтау сөз сөйлеп, саланың үздік өкілдеріне марапаттар табыстады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Осы күні Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталғандардың бірі – Светлана Серкебаева, Әулиекөл аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы. Ол мәдениет саласында абыроймен еңбек етіп келеді.

Оның бастамасымен 2019 жылы Аманқарағай ауылында алғаш рет коворкинг орталығы ашылып, ауыл тұрғындарының мәдени және білім кеңістігіне айналған.

«Бұл салада 33 жылдан бері жұмыс істеймін. Қандай қиын кезеңдер болса да, өз мамандығыма адал болдым. Кітапхана – менің екінші үйім, ал оқырман – ең басты байлығым», – дейді Светлана Жанайдарқызы.

Мерекелік шара барысында сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамоталары, облыс әкімдігі мәдениет басқармасының Алғыс хаттары мен грамоталары да салтанатты түрде табысталды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Диана Алмасқызы