Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін марапаттау рәсімін өткізді.
Журналистерді Республика күнімен құттықтап номинацияларды табыс етті. Марапатталған журналистердің арасында әріптестеріміз Жандос Жүсіпбеков пен Айтолқын Айқадамова да бар.

«Бүгін біз өңірлік ақпарат саласының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген кәсіби мамандарды ұлықтау үшін бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы ақпарат кеңістігінің ашық болуына, журналистердің кәсіби шыңдалуына және олардың қоғамдағы абыройын арттыруға айрықша назар аударып келеді. Бұл – журналистикаға деген терең сенім мен жоғары құрметтің айғағы. Сіздер – жұртшылық пен билік арасына дәнекер болып, елде қабылданған шешімдер мен жаңашыл бастамаларды халыққа түсінікті, анық жеткізіп жүрген тұлғасыздар», – деп атап өтті облыс әкімі.
Иә, ақпарат тасқыны толассыз ағылған қазіргі цифрлық дәуірде қоғамның шынайы дереккөзге деген сенімін сақтау – нағыз кәсіби жауапкершілікті талап етеді.

Тобыл-Торғай өңірі – еліміздің рухани және журналистика тарихында өзіндік орны бар қасиетті өлке.

«Бұл аймақтан қазақ баспасөзінің негізін қалаған, ұлттың сөз өнерін биікке көтерген тарихи тұлғалар шыққан. Солардың ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ журналистикасының атасы, ұлттық баспасөздің бағыт-бағдарын айқындаған тұлға. Оның серіктері Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин – елдік мүддені биік қойған көрнекті қаламгерлер. Қостанай жерінің тағы бір дара перзенттері – Мұхамеджан Сералин, қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси басылымдарының бірі «Айқап» журналының негізін қалаушы болса, Торғай өңірінен шыққан Назипа Құлжанова – қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы журналист әрі ағартушы», – деді Құмар Ақсақалов ол туралы.
Олар өз заманының батыл да жаңашыл тұлғасы ретінде тарихта қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаштары болып қала бермек.
Байқауға 59 жұмыс ұсынылып, арнайы комиссия шешімімен үздіктер анықталды. Жеңімпаздар естелік статуэтка және 160 мың теңге көлеміндегі сертификаттармен марапатталды.

«Еңбек адамы» номинациясы бойынша «ARNA news» газетінің тілшісі Айжан Адырбаева мен «Qostanai» телеарнасының редакторы Жанар Ержанова марапатталды.
«Экономиканың қозғаушы күші» аталымында «Наш Қостанай» газетінің тілшісі Полина Циммер, «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Жандос Жүсіпбек және «Qostanai» телеарнасының редакторы Аружан Арманқызы үздік атанды.
«Халық және билік» номинациясында «Костанайские новости» газетінің тілшісі Надежда Мацарина, «Алау» телеарнасының тілшісі Дәуіт Байғоныс және «Qostanai» телеарнасының редакторы Гүлзада Айшуакова марапатқа ие болды.
«Көзмерген» – «Мир в объективе» аталымы бойынша «Наш Костанай» газетінің фотографы Лариса Божко мен «ТоболИнфо» агенттігінің видеооператоры Әбіл Дощанов жеңімпаз деп танылды.
Сонымен қатар, «Жемқорлық – қоғам кеселі» номинациясында «ТоболИнфо» АА тілшісі Татьяна Файль,
«Отбасы – ұлттың тірегі» аталымында «Зеленое яблоко» газетінің тілшісі Тамерлан Сулейманов, «Ауылым – алтын тұғырым» номинациясында «Біздің Торғай» газетінің редакторы Байбатыр Ахметбеков, ал «Сұлулық әлемді құтқарады» номинациясында «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Айтолқын Айқадамова мен «Наше время» газетінің редакторы Әсем Байканова марапатталды.
Рәсім барысында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Серік Манасбаев пен Қостанай облыстық журналистер одағының төрайымы Александра Серғазинова сөз сөйлеп, өңірлік БАҚ өкілдеріне Құрмет грамоталары мен облыстық мәслихаттың арнайы марапаттарын табыс етті. Бұл марапаттар журналистердің облыс өміріндегі белсенді қызметі мен кәсіби шеберлігін жоғары бағалаудың айғағы болды.
Александра Серғазинова өз сөзінде алдағы жылдары журналистерге берілетін сыйлық көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл бастама облыс әкімі Құмар Ақсақалов тарапынан қолдау тауып, өңір журналистикасын ынталандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатыны айтылды.
Салтанатты кеште аймақ журналистикасының көрнекті тұлғаларының есімін иеленген арнайы сыйлықтар да табысталды.
Нәзипа Құлжанова атындағы сыйлық пен 100 мың теңге көлеміндегі сертификат «Қарасу өңірі» газетінің редакторы Марина Шариповаға берілді. Бейімбет Майлин атындағы сыйлық «Шамшырақ-Маяк» газетінің тілшісі Мадина Мұхамбетжановаға, ал Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлық «Костанайские новости» газетінің тілшісі Николай Стадниченкоға табыс етілді.
Сонымен бірге, мемлекеттік органның ең шығармашыл баспасөз хатшысы атанған Қостанай облысы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Анна Лазарева да марапат иегері болды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концерттік нөмірлермен түйінделіп, БАҚ өкілдері жылы ықылас пен құрметке бөленді.
Бұл әріптестеріміз тарихи дәстүрді бүгінгі қостанайлық журналистер лайықты жалғастырып келеді.
Олар қоғамның айнасы, халықтың үні ретінде елдің өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
