Түркістан қаласында өткен Азия чемпионатында «Тобыл-Торғай – Тарландары» қазақ күресі федерациясының үздік палуаны Архат Баймурзин 55 келі салмақта ел намысын абыроймен қорғады.
Бұл облысымызда 11 жылдан бері болмаған жетістік. Жерлесіміз үш белдесу өткізіп: Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғол елдерінің палуандарын айқын басымдықпен тізе бүктірді.
«Көптен күткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Қостанай облысы үшін үлкен жеңіс болды. Соңғы рет 2014 жылы Қостанай облысынан Тоқтар Жиентаев пен Марина Мамонтова «Азия чемпионы» атанған еді. Араға 11 жыл салып сол жетістікті шәкіртіміз Архат Баймурзин еншіледі. Бапкерлерінің тынымсыз еңбектерінің арқасында шәкірттері биік тұғырды бағындырып жатыр. Қолдау көрсетіп жатқан Қостанай облысының әкімдігіне, Қостанай облысының «Дене шынықтыру және спорт» басқармасына зор ризашылығымызды білдіреміз. Енді, алда Қазақстан Республикасының Чемпионаты тұр. Лайым, осындай жеңісті күндеріміз көп болсын», –дейді облыстық «Дене шынықтыру және спорт» басқармасы «Ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері спорт клубының басшысы Мылтықбай Абдуаитов.
Архат Алмасұлы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің студенті. Ол 14 жылдан бері облыс бойынша көптеген жетістікке жетіп, өткен жылы қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан Республикасының Чемпионы атанған болатын. Дзюдо күресінен жастар арасында ел чемпионы.
Қазақ күресінен «ҚР Спорт шебері». Арқалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Алтынбек Болатов, Азамат Ерәділов, Сайлау Рыздықов сынды майталман жаттықтырушылардан тәлім алған.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
