Берешек 475 млн теңге

Берешек 475 млн теңге

Қостанай қаласында жылыту маусымы ауа температурасы үш тәулік бойына 10ºС және одан төмен болғанда ғана штаттық режимде басталады. Қалалық әкімдікте өткен жиында жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды.

            Қаладағы білім беру нысандары жылыту маусымына дайындық актілерін толық алған. Денсаулық сақтау нысандары ішінен тек облыстық балалар ауруханасы қалып отыр. ТКШ бөлімінің басшысы Денис Петрухно оны күрделі жөндеу жұмыстары барысында мердігермен туындаған мәселемен байланыстырды. Қазіргі уақытта сот отырысы жүріп жатқанын айтты.

– Отыз әлеуметтік нысан ішінен 29-ы дайындық актісін алды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимаратының жылыту жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дайындық актісін 25 қыркүйекке дейін алуды жоспарлап отыр. Ал 1228 көппәтерлі тұрғын үйдің 1124-і дайындық актісін алды, – деді Денис Петрухно.

Қостанай жылуэнергетикалық компаниясына тиесілі 249 шақырым жылу желісінің 64,2% тозған. Оның ішінде магистральдық желілердің 38,3 шақырымының 59 пайызы және кварталішілік 210,7 шақырымның 65,1%-нің тозығы жеткен.

– “Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы” МКК 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындықты негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеудің бекітілген жсопарына сәйкес жүргізіледі. Жабдықтарды жөндеу кәсіпорын есебінен және 3,2 млрд теңге бюджет қаржысына жүргізіледі, – деді ТКШ бөлімінің басшысы.

Биыл жоспарланған 5,7 шақырым жылу желісі толық жөнделген. Кварталішілік жылу желілерін оқшаулау жұмысы аяқталуға жақын.

Қостанай жылуэнергетикалық компаниясының басшысы Виктор Шмыглов тұрғындардың дебиторлық берешектері 474,9 млн теңге болғанын айтты.

– Қалада 79 432 абонент бар. Бюджеттік ұйымдар бойынша 48,2 млн теңге, өзге тұтынушылар 344,6 млн теңге жылуға қарыз. Дебиторлық берешекті төмендету үшін екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқысы сотқа дейінгі тәртіппен яғни, коммуналдық қызметтер уақтылы ақы төлеу туралы шот-хабарламалар таратады. Хабарламалар, ескертулер тапсыру, пәтерлерде нақты тұру актілерін жасау, берешегі бар пәтерлерде ыстық сумен жабдықтауды беруді шектеу. Ал мүмкін болған жағдайды автоқоңырау шалу арқылы мерзімі өткен берешек туралы хабарлау, сондай-ақ, тұтынушыларға тұрғын үй жәрдемақыларын ресімдеуде көмек көрсету, – деді кәсіпорын директоры.

Екінші жолы сот тәртібімен. Ол үшін нотариустарға атқарушылық жазба шығару үшін өтініштер дайындайды. Сот шешімдері мен атқарушылық жазбаларды мәжбүрлеп орындау үшін сот орындаушыларымен бірлесіп жұмыс атқарады.

Кәсіпорынның көгілдір отын тұтынғаны үшін қарызы 101 млн теңге. Тұрғындар уақытылы жылудың ақысын төлемегендіктен қарызға батып отырмыз деді кәсіпорын директоры. Қала әкімі Марат Жүндібаев берешекті өндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырды.

– Тұрғындарға үндеу тастауды үдету керек. Халықтың берешек көлемі өте көп. Түсіндіру жұмыстарын тоқтатпыңыздар. Өйткені, кәсіпорынға өздерінің қарызын өтеуге ақша қажет. Қыс мезгілінде газды ешкім сөндірмейді, алайда тұрғындар кешіктірмей төлеп отырғанда мұндай жағдай орын алмас еді, – деді қала әкімі.

Сералы МЫРЗАБАЙ

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу