Қостанайда Ақтөбенің туристік әлеуеті таныстырылды. «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығының» қолдауымен Ақтөбе облысының ішкі туризмін, өңірдің туристік брендін дамыту, туристік нысандарын танымал ету мақсатымен Қостанайда ақпарттық тур ұйымдастырылды.
«Road show» конференциясына Ақтөбе өңіріндегі туристік ұйымның өкілдері, қонақ үй қызметкерлері, қолөнер шеберлері мен шипажай басшылары арнайы келген. Олар өздерінің бағыттары бойынша таныстырылым жасап, сөз сөйледі.
– «Road show» іс-шарасы барысында Ақтөбе облысының көрікті жерлерін таныстырып туристерді шақырамыз. Қазір ұлттық стильдегі ресторандар сұранысқа ие. Бізде ұлттық тағам түрлері ұсынылатын «SARQYT» мейрамханасы бар, “Dastan Hotel Aktobe” қонақ үйінің өкілі және бұғы шаруашылығын қолға алған «Зару» шипажайының өкілі келді. Шипажайда адамдар түрлі ауруға ем қабылдай алады. Қостанаймен байланыс орнату үшін арнайы келдік. Туризм саласын екі жақты дамытуға ниеттіміз, – дейді делегация мүшесі Мира Сатай.
Қостанай мен Ақтөбе облыстары арасында ортақ байланыс боларлық Торғай-Ырғыз резерваты бар.
– Өткен жылы да ұйымдастырылған еді. Қазақстанның алты қаласында болдық және сапарымыз жақсы нәтиже берді. Ресейдің Қазан, Мәскеуде, Түркияның Стамбул, Баку қалаларында да өткіздік. Оған себеп, Ақтөбеден осы қалаларға тікелей ұшақтар бар. Әуе қатынасының да туристік бағытта маңызы зор. Қостанай біздің көршілес облысымыз. Екі жақты туристік байланыс орнатуға мүмкіндік бар деп есептейміз, – дейді тур-оператор Еркебұлан Аймұратұлы.
Орталық роуд-шоуды қазан айында Дубай, Бейжің және Оңтүстік Кореяның Сеуіл қаласында өткізбекші.
Сералы МЫРЗАБАЙ