Қазіргі әлеуметтік желінің аясына еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін шырмалып қалғаны даусыз. Ақпараттардың алуан түрі мен арзан күлкіге құрылған сайқымазақ көріністердің көптігінен желі қолданушылардың көпшілігі сараптамай талғамай көру үрдісіне көшуде.
Бұл рухсыздануға жетелеп, өздігінен ой қорыта алмайтын ұрпақты өсіріп, олардың қарусыз майдан құрбанына айналып бара жатқанын бақылап, шарасыздыққа жол беріп жатқандаймыз. Осы тұрғыда “аға ұрпақ өкілдері өз тұрғысында не істей алуы мүмкін?” деген заңды сұрақ туады. Осындай жауапкершілік жүгін арқалаған аға ұрпақты аудандық кітапхана желісінің жобасы үлкен маңызды іске қауымдастырды.
Өткен ғасырда қолдарынан кітаптары түспеген белсенді оқырмандардың басын біріктіріп , «Жангелдин орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ жанынан аудандық кітапхананың бастамасымен арнайы белсенді ардагер оқырмандар қауымдастығы құрылды.
Қауымдастықтың негізігі мақсаты – жас ұрпақты кітап оқуға тәрбиелеу, кітап оқу арқылы мәдениетті, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, «Оқитын ұлт» жобасы шеңберіндегі іс -шараларға белсене араласу. Осы тұрғыда әр ардагердің өз отбасының «Оқитын отбасына» айналдыру тұрғысындағы жұмыстары қауымдастықтың ең басты көрсеткішіне айналмақ.
Қауымдастықтың жылдық іс жоспарына сәйкес, әр апта сайын белгіленген жұмыс түрімен айналысып, пікірлесіп отыру, түрлі іс-шараға қатысу ардагерлер үшін мерекелік күндерге бергісіз жұмыстар болып отыр. Осы орайда немерелер үшін «Әжемнің ертегісі», «Атамның аңыз әңгімелері» атты тұрақты клубтар жұмыс істейді деп белгіленді. Бұл клубта сахналық көрініс, суретшілер сайысы, қолданбалы өнер көрмесінің жұмыстары қарастырылмақ. Сонымен қатар Жеңістің 80 жылдығына орай Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Алаш ардақтысы Мыржақып Дулатовтың 140 жылдығына орай «Бақытсыз Жамал» романын оқуды отбасылық деңгейде өткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда қауымдастықта 40-тан астам мүше бар олардың ішінде ауыл шаруашылығының мамандары, ел басқарған ақылман қариялар,зейнеткер мұғалімдер, медицина қызметкерлері, т.б. мамандық өкілдері бар.
Зейнетке шыққан қариялар осындай жоба аясында өздерінің көп жылдық тәжірибесі мен танымдылық белсенділіктері арқылы, қоғамға өз үлестерін қосуды азаматтық борыш деп есептейді. Осы тұрғыда «жоба ішіндегі жоба» туралы да айтып кеткен дұрыс сияқты, яғни балаларды кітап оқуға қалыптастыру мақсатында «Бір беттік кітап» жобасыда қолға алынып отыр. Қазіргі таңда ардагерлер өздерінің қызығушылығымен, ынтасымен біріккен қауымдастықтың жұмысына белсенділікпен атсалысуда. Қазақ елінің болашағының жарқын болуы үшін жас ұрпақтың елжандылығы мен өркениетке ұмтылысына бағыт –бағдар беру жолындағы осы тың істерге жоба арқылы жол салған аудандық кітапхана жүйесіне алғысымыз шексіз. Белсенді ардагер оқырмандардың бастамаларының жаппай халықтан қолдау алатынына, болшақта кітап оқу мектебіне айналатына сенім мол.
Қарияларымыз ескі мен жаңа заманның арасын жалғаған, жаны даладай кең, көңілі баладай сенгіш, ұлттық рухтың қайыспас қара нары десек, бүгінгі күні қарияларымыз сол рухтың күшін әлі де дәлелдеу мақсатында қауымдастықтың қарқынды жобасына бел шешіп кірісіп отыр. Қазыналы қарияларымыздың істеріне береке тілеймін!!
Жұпаркүл Батырханқызы Хамзина,
ҚР оқу ағарту ісінің озық қызметкері ,
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері,
зейнеткер