Халықаралық деңгейдегі дирижерлер Тобыл төрінде тоғысты

Халықаралық деңгейдегі дирижерлер Тобыл төрінде тоғысты

Қостанайдағы “Жастар сарайында” ұлттық рухты ұлықтаған ірі мәдени іс-шара – VIII халықаралық дирижерлер форумы жоғары деңгейде өтті.

Дәстүрге айналған форум биыл да кәсіби музыканттар мен өнерсүйер қауымды бір алаңға тоғыстырып, рухани мазмұны терең, көркемдік деңгейі биік кешке ұласты. Осылайша, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония ұжымы қызыл кілем үстімен жүріп өткен өнер әлемінің көрнекті өкілдерін ерекше құрметпен қарсы алды.

Форум ұлттық және әлемдік дирижерлік өнердің үздік үлгілерін насихаттап, түрлі елдің музыканттары арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастырып келеді. Бұл жолғы шеруде Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Ресей өңірінен келген танымал өнер иелері бас қосты. Олар Тобыл жұртшылығына музыкалық туындылар арқылы мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Форумның ашылу салтанатында облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов сөз сөйлеп, бұл шеру халықтар арасындағы достық пен мәдени ықпалдастықты нығайтатын алтын көпір екенін атап өтті.

            «Биылғы форум халқымыздың біртуар композиторы, ұлт мақтанышы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметовтің 55 жылдығына арналып, ерекше сипат алып отыр. Мұндай форумдар жас өнерпаздарға шабыт беріп, халықаралық деңгейде өнер көрсетудің үлкен мектебіне айналады», – деді ол.

Форум аясында аты әлемге танылған дирижерлер – Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садықов, опера әншісі Рустам Алимарданов, сондай-ақ Жалғасбек Бегендік пен Владимир Кочнев сынды маэстролар сахнаға шығып, шеберліктерін көрсетті. Дирижерлік өнердің биік деңгейін паш еткен бұл кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садықов форум бастау алғалы тұрақты түрде қатысып келеді. Ол оркестр басқару өнерінің маңызын ерекше атап өтті.

            «Бұл – ұлы өнер. Әр халықтың әуені – оның жүрегі. Біз бүгінгі кеште сол жүрек үнімен бөлісетін боламыз», – деді маэстро.

«Барша қазақ халқына жүрекжарды құттықтауымды жолдаймын. Қазақ  еліне деген құрметім мен ыстық ықыласым шексіз. Қостанайда өтіп жатқан іс-шараны өте ерекше деуге болады. Себебі мұны көрген де, көрмеген де арманда. Бұрын халықаралық форум ретінде өткізілген мұндай маңызды іс-шараға қатысқанымды зор мақтаныш тұтамын. Өзара ынтымақтастығымыз бен байланысымыз нығайып, жоғары деңгейге көтеріле беретініне кәміл сенемін», – дейді опера әншісі Рустам Алимардонов.

Форумда отандық және шетелдік композиторлардың классикалық, дәстүрлі музыкалық шығармалары орындалды. Көрермендер қазақ күйлері мен әлемдік музыканың озық үлгілеріне қанығып, өнердің шексіз құдіретін сезінді. H.Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Құстар әні» концерті ерекше ықыласпен қабылданды. Нұрғиса Тілендиевтің шертпе және төкпе күйлерінің әуезін көрермен жүрегіне жеткізген рухани кешке келген көрермен риза болды. Қостанайдың мәдени тынысын кеңейткен, ұлт өнерін жаңа деңгейге көтерген айтулы оқиға болды. Бұл форум өнер арқылы халықтарды жақындастырып, рухани үндестіктің биік үлгісін көрсетті.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕК

Жаңалықтармен бөлісу