Белгілі дінтанушы Қостанайға келді

Белгілі дінтанушы Қостанайға келді

Көзі қарақты оқырманға өңірде арнайы сапармен болған Арман Баймаханұлы Қуанышбаевтың  есімі жақсы таныс. Ол республикалық деңгейдегі білікті маман, РАНТ мүшесі, Түркістан облысы Кентау қаласындағы «Балаби қари» Құран жаттау орталығының директоры.

Өңірімізге жұмыс барысымен келген мейман алдымен Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітіне ат басын бұрды. Оны Бас имам Бектұрсын Уәлиев қарсы алып, имандылық ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Ақшам намазнан соң жамағатқа «Отбасының діндегі рөлі» атты уағызын өткізді. Жиналған қауым терең де мағыналы әңгімені ұйып тыңдап, шынайы алғыстарын білдірді.

Жұма күні облыстық мешітте «Жат ағымның жақтастарымен жеке кездесулер өткізу әдістемесі» тақырыбында өңірдегі оңалту жұмысына бекітілген теологтар мен имамдарға арналған семинар өткізді.

Білікті маманның өзекті мәселені талқылауға арналған тұжырымдары мен пікірлерінен дін қайраткерлері тағылым алып, білім көкжиектерін кеңейтті.

Онан соң «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде «Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көру» тақырыбында уағыз айтып, жиналған жамағатты мүбәрак Мәуліт айымен құттықтады.

Сол күні түстен кейін шаһардағы №38  еңбекпен түзету мекемесінде жазасын өтеушілермен «Шынайы мұсылманның келбеті» тақырыбында кездесу өткізді.

Кешкі ақшам намаздан соң «Рудный қалалық «Нұр» мешітінде  «Заманауи мұсылманның келбеті» тақырыбында ақшам уағызына қатысып, халықтың алғысына бөленді.

Жалпы, оның облыстағы сапары алдын-ала жоспарланған бағдарламаға сай нәтижелі әрі есте қаларлықтай ұйымдастырылды деп хабарлайды Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.

 

Жаңалықтармен бөлісу