Аида Балаева: “Медиа апталықтың отандық индустрияға оң әсерін жоғары бағалаймын”

Аида Балаева: “Медиа апталықтың отандық индустрияға оң әсерін жоғары бағалаймын”

Астанадағы «Қазмедиа орталығында» 20-22 қыркүйек күндері VII Astana media week 2023:«Media power: тенденциялар, өзгерістер, этика» тақырыбында республикалық медиа апталығы өтті.

Апталыққа отандық медианың топ менеджерлері, телеарна басшылары, ақпарат саласының үздіктері, сарапшылар, аймақ журналистері, баспасөз хатшылары, өңірлік коммуникация мамандары қатысты. Сондай-ақ Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Жапония, Корея, Әзербайжан, Ресей елдерінен танымал журналистер мен продюсерлер арнайы шақырылған. Ұзын саны ақпарат саласының жүзден астам маманы жиналды. Кең ауқымды жиынға Қостанай облысының делегаты да барды. Үш күнге ұласқан апталық аясында жиырмадан астам іс-шара ұйымдастырылды. Талқыға түскен тақырып сан алуан.

Ақпарат кеңістігіндегі этика мен жауапкершілік, заманауи трендтер, цифрлық мүмкіндіктер, нейрожелілермен жұмыс, блогерлік саланы реттеу, жалған ақпаратпен күрес және басқа маңызды мәселелер терең қаузалды.

Astana media week Орталық Азия елдерін тұтас алғанда  ең ірі медиаоқиға саналады. Жобаның алғаш рет 2017 жылы тұсауы кесілген. Дәстүрлі жиын әлемді жайлаған пандемия кезіндегі үзілістен кейін екінші рет өткізіліп отыр. Апталықты өткізудегі негізгі мақста – өңірлік коммуникациялардың өзара серіктестік қатынастарын және медиа саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру. Мәртебесі мен маңызы жыл өткен сайын артып келе жатқан жобаның биылғы тақырыбы да аса өзекті: жаңа тенденциялар, тың өзгерістер мен этика, контентті жақсартуға, отандық медианарықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері. Қазақстандық медианың заманауи ұстыны туралы апталықтың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да ерекше атап өтті.

«Astana media week – бүгінде еліміздің ғана емес, жалпы медиа кеңісітігінде маңызы зор дәстүрлі іс-шара. Жыл сайын шетелдік беделді тұлғалар, тәжірибелі сарапшылар және білікті медиа мамандарының арнайы қатысуы осының айғағы деп білемін. Жалпы, медиа қоғамдық өмірдің барлық саласына әсер ететіні белгілі. Салада үздіксіз трансформация мен цифрландыру, жаңа платформалар мен коммуникация құралдары, ақпаратты беру әдістері үнемі жаңарып отырады. Бұл осы сала мамандарын үнемі дамуға, алға ұмтылуға жетелейді. Сондықтан медиа апталықтың отандық индустрияға оң әсерін жоғары бағалаймын», – деді министр.

Жандос ЖҮСІПБЕК

 

Жаңалықтармен бөлісу