Бейімбет Майлин ауданында шаруа қожалықтарының салықтан жалтару деректері анықталды

Бейімбет Майлин ауданында шаруа қожалықтарының салықтан жалтару деректері анықталды

Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында екі шаруа қожалығының салық заңнамасын бұзғаны белгілі болды.

Тексеру нәтижесінде аталған қожалықтар арнайы салық режимін заңсыз қолданғаны анықталды. Олар жеке табыс салығының 10% орнына бірыңғай жер салығының 0,5% мөлшерін ғана төлеп келген.

Заң бойынша, шаруа немесе фермер қожалықтары арнайы салық режимін пайдалану үшін олардың иелігіндегі жер көлемі 3500 гектардан аспауы тиіс. Алайда, прокуратураның мәліметінше, бір қожалықтың жалпы жер көлемі 3663 гектарды құраған. Соған қарамастан, ол 2023–2024 жылдары жеңілдетілген 0,5% салық мөлшерлемесін пайдаланып, барлығы 814 мың теңге салық төлеген.

Аудан прокуратурасы анықталған бұзушылықтарды жою туралы шара қолданып, нәтижесінде шаруа қожалықтары мемлекет бюджетіне 8,5 миллион теңге көлемінде қосымша салық төледі.

Прокуратура өкілдері салық заңнамасын сақтау – бюджет кірісін қамтамасыз етудің және әділ бәсекені қалыптастырудың маңызды бөлігі екенін атап өтті.