Амантоғай ауылында ерлі-зайыпты Шәймерден Оспанов пен Рахила Әбілдина атты қариялар тұрады. Он бір бала тәрбиелеп, ұлын – ұяға, қызын – қияға ұшырып – қондырған, баладан немере, немереден шөбере, шөбереден шөпшек сүйіп отырған аяулы жандар.
Шәймерден ақсақал сексеннің сеңгіріне шықса да қолынан балғасы мен шегесі түспеген, бейнетқор адам.
Шәймерден атаның он бір баласының ішінде Сәндібек деген баласын ел ерекше бағалайды. Батыр десе батыр, ер десе ер. Кішкене бойлы, сары жігіт. Осы Сәндібектің айрықша іс-қимылдары ел ішінде аңыз болып айтылып жүр…
Ана жылы Сәндібек атпен қасқыр соғып, елді таң-тамаша еткен. Қасқырды атпен қуып жетіп, жеткен бойда үстіне секіріп түсіп, қос құлағынан тапжылтпай ұстап, аузын матап, аяқтарын байлап, арқалап үйіне алып келген. Ондағы ойы қасқырды өзінің ұстап алғанына елдің көзін жеткізу болатын. Үйге жеткенше қасқырдың тырнағы осқылап, үстіндегі киімінің екі қапталын жыртып та тастаған.
Далаға шыққан әкесі есік алдында дәрменсіз жатқан дәу қасқырды көреді. Баласына «мұның не?» десе, «айтқаныма сенбейді ғой деп осылай істедім» деп жауап қайырады.
Сәндібек әскерде кинолог болған. Ауылдастары «иттің тілін біледі» деп дәріптейді. Қандай абалап тұрған қабаған иттің өзі Сәндібекті көрсе мысы басылып, үргенін қойып, момақан бола қалады.
Еркеш деген кісі айтады:
“Үлкен итім болды. Мойнынан қарғыбауын үзіп кете бергесін, кеудесінен байлап қойдым. Адам баласын маңайына жолатпайды. Сол итім кейде тып-тыныш болып қалады. Далаға шықсам үйдің жанынан Сәндібек атпен өтіп бара жатыр екен… Өзім де сезетінмін соның ісі ғой деп. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған оқиға”.
Арқалық қаласында тұратын Өтеген ақсақал да әңгімені растай түседі.
Бір күні таңертең ертелетіп үйге Сәндібек келді:
– Көке, сәлем беріп, амандықтарыңызды білейін деп келдім! – дейді. Сыртқа шықсам бір нән «овчарка» ит байлаулы тұр. Түрінен адам қорқады.
– Әй, бұл сенің ісің ғой Сәндібек, – деп үйге қайтып кірсем:
– Иә, көке, мен ғой. Бір үйдің жанынан өтіп бара жатсам, мына ит шаптығып қоймайды. Қоршауынан секіріп түстім де байлауынан шешіп алып келдім, – деп тұр.
Тағдырдың ісіне шара бар ма, Сәндібектің бірінші жұбайы ерте дүние салды. Артында төрт перзенті қалды. Ата-әжесі бар, әкесі балаларын жеткізді. Үлкен қызы тұрмысқа шықты.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Сәндібек қайта отбасын құрды.
Былтыр жұбайы Айнаш босанып, ер бала туды. Сәндібек баласының атын Кейкі деп қойды.
«Бұлай жасау басқаға жараспаса да Сәндібекке жарасады. Сол Кейкі баламыз биыл 1 жасқа келіп жатыр. Өмір жасы ұзақ болсын.Тағы бір еске сала кетер қызғылықты жағдай, Кейкі атамыздың басы елге келген жылы үш келініміз өмірге үш ұл сәбиін әкелді. Соның екеуінің атын Батыр, біреуінің атын Мерген деп қойды. Олар қазір жігіт болды. Балаларға Кейкі батыр бабамыздың көрген бейнетін бермей, абырой-атағын берсін», – деп бата-тілек сөзін баппен сабақтайды Арқалық қаласының құрметті азаматы, «Алтын дәрігер» құрметті атағының иегері, Кейкі батырдың ұрпағы Мұхамедрахым Спандиярұлы.
Туған күнің құтты болсын, Кейкі балақай!
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ