Облыста «Қостанай жастары» бағдарламасы іске асып жатыр. Жастарды баспанамен қамтуды көздейтін жоба аясында өтінімдер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Бағдарламаға қатысудың талап-шарттарын Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылай-хан Кәкенов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баяндап берді.
Биыл бұл бағдарламаны қаржыландыру сомасы үш есеге артқан. Оған 2,1 млрд теңге бөлініп отыр. Осы игі жоба арқылы максималды 15 млн теңгеге 5 пайызбен баспана алуға болады. Жоспар бойынша, кем дегенде 140 жасты қамту көзделген. Өтінім қабылдау 14 тамызда басталған, 1 қыркүйекке дейін жалғаспақ.
Бағдарламаға қатысудың басты шарттары – үміткердің соңғы жұмыс орнында алты айдан кем түспейтін еңбек өтілі, үй алғысы келетін қала немесе аудан аумағында тіркеуден тұрған болуы керек.
«Өте жиі қойылатын сұрақтар осы мәселе төңірегінде, өйткені бізге жүгінген тұрғындар ауылдан қалаға немесе қаладан ауылға қоныс аударғылары келетінін айтады. Бірақ бұл бағдарлама өңірге жұмыс істеуге келетін жас мамандарды қолдауға бағытталған. Сондықтан азаматтардың үй алғысы келетін аумақта тіркеуде тұруы және міндетті зейнетақы төлемдері мен алты ай жұмыс өтілі болуы қажет», – дейді А.Кәкенов.
Мұның сыртында, бағдарламаға қатысушының және оның отбасының қандай да бір жылжымайтын мүлкі болмау шарт. Сондай-ақ, соңғы бес жылда баспанасыз жүргені туралы дерек ескеріледі. Ал отбасы мүшелерінің айлық табысы 150 АЕК-тен аспауы керек. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана қатысуға рұқсат беріледі. Жоба аясында 34 жасқа дейінгі жастар баспана сатып ала алады. Несиелеудің ең ұзақ мерзімі – 19 жыл.
Құжаттар Қостанай облысының қала-аудандарының әкімдігі базасында қабылданады, ол үшін арнайы комиссиялар құрылған.