Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында дөңгелек үстел өтті.
Жиын ХІХ ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы өңіріміздің саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып, сол уақыттағы фактілерді зерттеуді іске асыру шеңберін қамтуға бағытталды.
Онда ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның әдіснамасы жөніндегі Кіші комиссиясының мүшесі В.В.Хан мен А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент С.К.Укин баяндама жасады.
Дөңгелек үстел барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссияның жұмыс тобының мүшелері А. А. Айтмұхамбетов пен Р. Б. Жүсіпов, өткен ғасырдағы мәжбүрлеп қоныс аударылған халықтар мен дін өкілдерінің қуғындалу себеп-салдарына қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Жиынға Қостанай өңірлік университетінің оқытушылары, облысымыздың құқық қорғау органдарының өкілдері, кітапхана және мұрағат қызметкерлері қатысты.