Биылғы мектеп оқушыларының жазғы демалысында 106 мың балаға ойын-сауық шараларын ұйымдастыру жоспарланған. Оған аймақ бюджетінен 556,6 млн теңге қарастырылып отыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева өңір әкімдігінде өткен жиында осылай деді.
Қала сыртындағы 10 балалар лагеріне сегіз мың оқушының демалысын қамту жоспарланған. Қазір осы бағытта әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Щучинск пен Қонаев қалаларындағы республикалық «Балдәурен» сауықтыру орталықтарында осы жазда облысымыздан 135 бала демалады.
«Сондай-ақ, республикалық қала сыртындағы лагерьлерде Білім министрлігі мен «Қазақстан халқына» қорының бірлескен бастамасымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында ауылдық жерлерден 1,5 мыңнан астам дарынды бала демалады. Атап өтер жайт, Лисаков қаласындағы «Алый парус» спорттық-сауықтыру лагері үш жылдық қайта жаңғыртудан кейін өз жұмысын бастамақшы. Оған 377,4 млн теңге қаражат жұмсалды. Төрт ауысымда 480 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, осы жылы облыстық бюджеттен «Алый парус», «Чайка» және «Орленок» лагерьлерін жөндеу мен күтіп-баптауға қазынадан қаражат бөлінді», – деді басқарма басшысы.
Айман Ибраева аймақ басшысынан Қарабалық ауданындағы «Достық» лагерін ағымдағы жөндеуге көмек көрсетуін сұрады. Бұған 22 млн теңге қажет. Ал жиынға онлайн қосылған Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов облыс басшысынан Жітіқарадағы «Арман» балалар лагерін қайта жаңғыру жұмысына қаржы бөлуге жәрдемдесуді сұрады. Айтуынша, 2012 жылы жабылып қалған демалыс орнын бұған дейін жөндеуге жобалық-құндық құжат әзірлеген екен, ол қолдау таппапты.
Жалпы, өңірімізде жұмысын тоқтатқан 4 жазғы лагерь бар. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов осы демалыс орындарын қайта қалыпқа келтіруге қанша шығын кететінін есептеуді қаржы саласы мамандарына тапсырды. Ол лагерьлер жаңартылған кезде спорттық, дебаттық бағытта болу керек.
Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев аймағымызда 12 маусымнан демалыс орындары балаларды қабылдай бастайтынын айтты. Бұған қоса, лагерьлер мен мектеп жанындағы үйірмелерде болу уақыты өте аз. Сол себепті, өңір басшылығы осыған ауылдық кітапханалар, мәдениет үйлері, спорттық нысандарды жұмылдыратын арнайы жол картасын әзірлемек. Аудан әкімдіктері спорт және мәдениет басқармаларымен бірлесіп, 90 күн бойы балалардың ойдағыдай демалуына жағдай жасау керек.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов білім, полиция, төтенше жағдай, денсаулық сақтау салаларының жетекшілеріне жазғы демалыс кезінде барынша қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру мен қадағалау жөнінде тапсырма берді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.