Барлық қызмет бір жерде. Лисаков қаласында жаңа орталық құрылады

Барлық қызмет бір жерде. Лисаков қаласында жаңа орталық құрылады

Қалалық әкімдікте өткен жедел кеңесте Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев бұрынғы «АТФ Банкі» ғимаратының базасында жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі ортақ орталық құру туралы бастама көтерді. Яғни, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, Техникалық түгендеу бюросы – жылжымайтын мүлік орталығы және Азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі бір ғимаратта орналаспақ.

Лисаков қаласының әкімі Абай Сәрсенбайұлы қазіргі уақытта «АТФ Банкі» ғимараты сатылымда тұрғанын және бос тұрғанын айтады.

“Бұрынғы банк ғимараты кең, үлкен фойелері мен кеңселері бар. Қала тұрғындарына қызмет көрсету кезінде кезек пен адам көп жиналғанда тарлық етпейді. Барлық қызметтер бір жерде көрсетілетіндіктен қала тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Әрбір нысанға барып, уақыт жоғалтпайды. Зейнеткерлердің көпшілігі қаланың дәл осы шағын ауданында тұрады, ал олар үшін қызмет көрсету мекемелердің орналасқан жері маңызды болмақ. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерде шоғырландыру лисаковтықтарға тиімді болмақ”, – деді қала әкімі.

Ғимарат қаланың бірінші шағын ауданында, 65-үйде орналасқан, қаланың шеті болып саналады.

Лисаков қаласындағы ХҚКО басшылығы бұл бастаманы толығымен қолдайтынын жеткізді. Қала тұрғындары да барлық ведомстволардың қызметтерін бір жерде алуы үшін оны облыстық бюджет есебінен сатып алу мәселесі қарастырылып жатқанын айтады.

Ендігі мәселе қаржыландыру мәселесінің қалай шешілетіндігінде. Егер аппарат жиынында көтерілген бастама оң шешімін табатын болса, қазіргі таңда ХҚКО орналасқан ғимарат қала балансына берілмек.

Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенті

Лисаков қаласы

Жаңалықтармен бөлісу