Сауда және интеграция министрі Қостанайда өндіріс орындарын аралады

Сауда және интеграция министрі Қостанайда өндіріс орындарын аралады

Өңірге жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қостанайдағы индустриялық аймаққа ат басын тіреді. 2023 жылы іргетасы қаланған «КІА» зауытының құрылысымен танысты.

2023 жылдың қараша айында алғашқы іргетасы қаланған «КІА» зауытының құрылысы биыл күзде аяқталады. Қазіргі таңда зауыт ғимаратының құрылысы толық аяқталып, өндіріс желісіне заманауи құрылғылар орнатылып жатыр. Зауыт алдағы қазан айында іске қосылады.

«Kia Qazaqstan» ЖШС бас директоры Ким Де Ки министрге зауытта 1500 жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу цехы мен құрастыру желісінде 100 робот пайдаланылады. Жобаның құны – 200 миллион доллар, оның 80 пайызға жуығы шетелдік инвестицияның үлесінде.

Зауыт өндірісі іске қосылған соң жылына 70 мың «КІА Sorento» кроссоверін шығара бастайды. Оның 50 мыңы ұсақ бөлшектерден құрастырылады, яғни бұл жерде өндірістің жергілікті үлесінің мейлінше жоғары болуына баса мән беріліп отыр.

Ким Де Кидің айтуынша, Қостанай қаласы келешекте Орта Азия мен ТМД елдері аумағында автомобиль нарығын дамытуда маңызды орын алатын болады. Мұндай мүмкіндікке Қостанайда дамыған көлік инфрақұрылымының болуы және тоғыз жолдың торабында жатқан қаланың географиялық орнының тиімділігі сеп бола алады.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жобаны жүзеге асыру барысында адам капиталына ерекше назар аударылатынын атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, «КІА» зауытын қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік колледждер мен жоғары оқу орындарында машина жасау бойынша жаңа мамандықтар ашылды. Олардың ішінде машина жасау технологиясы, автоматтандыру және басқару, машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету, қара металл өңдеу, дәнекерлеу тәрізді мамандық түрлері бар.

Бұл мамандықтарды игеретін студент-жастардың білім-тәжірибесін ұштастыру мәселесі де оң жолға қойылған.

Зауытқа бөлінген жер аумағы толықтай инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жаңа зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнімді үздіксіз тасымалдау мақсатында ұзындығы 4,2 шақырым кіреберіс тасжол және тек зауыт қажетіне ғана пайдаланылатын 5 шақырымдық теміржол торабын салу көзделіп отыр.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев одан кейін «KamLitKZ» серіктестігіне барды.

Бүгінде «KamLitKZ» серіктестігі үш бірдей ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. ЖШС бас директоры Алексей Котовтың айтуынша, құны 78,2 млрд теңге болатын алпауыт кәсіпорын жылына 45 мың тонна шойын қорытып, одан ауыр машинаға қажет түрлі бөлшектер құяды.

Бүгінде мұнда 500 адам жұмыс істеп жатыр. Зауыт әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған.

«Бұл – біздің серіктестік іске асырып жатқан бірінші жоба. Былтыр 2 300 жеңіл және жүк көліктеріне арналған шойын бөлшектерін құйдық. Өндіріс цехтары толық іске қосылған соң, облыста шойын құю көлемі шамамен бес есе артады. Серіктестік қазір 82,5 млрд теңгеге іштен жанатын қозғалтқыштарға арналған шойын құймаларын және жетекші ось тетіктерін өндіретін екі заманауи өндіріс орнының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл кәсіпорындар іске қосылса, тағы 550 жұмыс орны ашылмақ», – дейді А.Котов.

Шойын құю зауыты қазір қозғалтқыш картері, цилиндрлер блогін шығарып жатыр. Тапсырыс берушінің сұранысына сай техника бөлшегі алдымен зауыттың констуркторлық бюросында өлшеніп-пішіледі, сосын ғана құйылады.

Зауыттың физика-механикалық сынамалар зертханасында металдың сапасы, оның құрамы, басқа да сипаттары жан-жақты зерттеледі. Мұнда металды, құйылған шойынның беріктігі арнайы электронды машина арқылы тексеріледі. Ақылды құрылғы шойынның сапасы туралы мәліметтерді компьютерге шығарып көрсетіп береді.

«KamLitKZ» шойын құю зауыты қолға алып отырған 3 жоба толық іске қосылған соң, кәсіпорын шойыннан 164 мыңға жуық техника бөлшегін шығаратын болады. Олар жүк және жеңіл техника өндірісінде қолданылады.

Жаңа кәсіпорын іштен жанатын қозғалтқыштың блогі мен бастиекті, жүк көліктерінің қозғалтқыш белдемесіне арналған редуктор корпусын шығарады.

Министр өңір тарихында тұңғыш рет қуатты жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшек шығарып жатқан кәсіпорын жұмысына жоғары баға берді.

Арман Шаққалиев жұмыс сапары аясында сүт өнімдерін шығаратын «Милх» серіктестігінде болып, «Новый день» сауда белгісімен шығатын сүт өнімдерінің технологиясымен танысты.

«Милх» бүгінде Қазақстан мен Ресей тұрғындарына етене таныс жүз түрлі сүт өнімін шығарады.

Серіктестік басшысы Сергей Блок министрге алдағы уақытта компания өнімдері еуропа елдеріне саудаланатынын айтты.

 

Суретке Бердіболат Көркембаев түсірді

 

Жаңалықтармен бөлісу