Аманкелді ауданы Қарасу ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Игілікті іске ауылдың әр жылғы мектеп түлектері мұрындық болған.
Алаңды салуға 7 млн теңге жұмсалды. Ол қаражатты ауылдың әр жылғы түлектері мен жергілікті кәсіпкерлері тауып берген. Алаңда балаларға арналған түрлі спорттық ойын жабдықтары орналасқан.
– Ғасырсейт Қоржынбаев басқаратын Қарасу ауылдық округі әрдайым алдыңғы қатарда. Ел ішіндегі сүбелі істер, атқарылып жатқан жұмыстар соның айқын айғағы. Ауылда бірқатар құрылыс жұмысы жүріп жатқаны баршаңызға аян. Әлемде баланың күлкісінен, қуанышынан асқан бақыт жоқ. Осы ретте ауылда арнайы балалар алаңы ашылып отыр. Бұл ауыл балаларының көңілін көтеру үшін жасалған, – дейді аудан әкімі Талғат Карбозов.
Аудан әкімі алаңның ашылуына себепкер болған ауыл азаматтарына арнайы алғыс хат табыстады. Көп балалы ана, тыл ардагері Бибісара Жухина мен алтын алқа иегері Назгүл Мырзахметова “Балалар алаңының” лентасын қиды.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ