Қостанайда 200-ден астам ата-ана бас қосып, жаз мезгіліндегі ең өзекті мәселелердің бірі – балалардың қауіпсіздігін талқылады. Ауқымды профилактикалық іс-шараны Қостанай облыстық Полиция департаменті ұйымдастырды.
Жазғы демалыс – жасөспірімдердің жиі бақылаусыз қалатын кезі. Полиция мәліметіне сәйкес, дәл осы кезеңде кәмелетке толмағандарды құқықбұзушылыққа, есірткіге тарту және интернеттегі алаяқтық әрекеттерге ілігу қаупі артады.
Кездесуге қатысқан спикерлер – Полиция департаментінің түрлі бөлімшелері, нарколог және психолог мамандар – ата-аналарға бүгінгі ең өзекті қауіптер туралы айтып, баланы қорғау жолдары бойынша нақты кеңестер берді.
Есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ерадилованың айтуынша, жасөспірімдердің есірткі таратуға қатысуы – бүгінде ең алаңдатарлық үрдістердің бірі.
«Өкінішке қарай, балалар мұны қылмыс деп қабылдамайды. Көп жағдайда олар үшін бұл – оңай табыс көзі. Алайда мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, тіпті 18 жасқа толмаса да», – деді Ерадилова.
Киберқылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі Рашид Мадьяровта аналарға интернеттегі алаяқтардың балаларды қалай алдайтынын түсіндіріп берді.
«Фишингтік сайттар, жалған ұтыс ойындары, жалған аккаунттар арқылы жеке деректерді алу – осындай тәсілдер кеңінен қолданылады. Балалар өздерінің алданғанын кеш түсінеді», – деп ескертті ол.
Мадьяров ата-аналарға киберқауіпсіздік ережелерін ескеруге және балаларды цифрлық қауіпсіздік негіздеріне үйретуге кеңес берді.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Индира Нуруевa кешкі сағат 23:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың көшеде ересектерсіз жүруі заңмен тыйым салынғанын еске салды.
«Ата-аналар жиі: «Бұл жай ғана серуен ғой», – деп ойлайды. Бірақ дәл түнгі уақытта құқықбұзушылықтар жиі тіркеледі. Мұндай жағдайларда біз шара қолдануға міндеттіміз, кейде бұл әкімшілік жауапкершілікке дейін барады», – деді ол.
Соңғы сөз Гүлсүм Бисимбаеваға, нарколог және психолог маманға берілді. Ол жасөспірімдердегі есірткіге тәуелділікті қалай байқауға болатынын айтты.
«Мінез-құлықтың күрт өзгеруі, тұйықталу, бұрынғы қызығушылықтардан бас тарту, денсаулықтың нашарлауы – бұлар ескерту белгілері. Мұндай белгілерді елемеуге болмайды», – деп ата-аналарға үн қатты Бисимбаева.
Кездесу барысында айтылған ортақ ой – балаларды заманауи қауіптерден қорғауда отбасы, мектеп және полиция тығыз әрекет етуі тиіс.
«Профилактика – бұл диалог. Біз әрқашан ынтымақтастыққа дайынбыз және ата-аналарға қолдау көрсетуге әзірміз», – деп түйіндеді іс-шара ұйымдастырушылары.