Бүгін біз Қостанай облысы, Жанкелдин аудандық сотының тергеу судьясы – Нұргүл Сауленқызының кәсіби жолына, адамгершілік ұстанымына және Әділет жолындағы еңбегіне тоқталып өтпекпіз.
Нұргүл Сауленқызы – заң жолын жүрек қалауымен таңдаған тұлға. Көпжылдық еңбек өтілінде түрлі құқықтық міндеттерді абыроймен атқарған ол, бүгінгі күні аудандық сотта тергеу судьясы ретінде қызмет етеді.
«Тергеу судьясы – алдын ала тергеу барысында азаматтардың құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз ететін тұлға. Бұл – өте жауапты және моральдық салмағы ауыр міндет. Себебі әр қаулы – адам тағдырына әсер етуі мүмкін», – дейді судья ханым.
Нұргүл Сауленқызының айтуынша, тергеу судьясының әрбір шешімі бірнеше тараптың үміті мен сеніміне әсер етеді:
«Бір жағында – азаматтың еркіндігі, екінші жағында – қоғамның қауіпсіздігі. Сондықтан мен үшін басты қағида – заңның үстемдігі мен ар-ожданның тазалығы», – дейді заң орнының өкілі.
Ол бұлтартпау шараларына рұқсат беру, тінту, мүлікке тыйым салу секілді шараларды заңға сай, бейтарап және жан-жақты бағалап шешуді басшылыққа алады.
Жүздесе қалсаңыз Нұргүл Сауленқызының жүзінен салмақтылығы мен байыптылығы байқалады. Оның жұмыс үстелі – тәртіп пен ұқыптылықтың айғағы. Түрлі марапаттары мен жазу құралдары оның жұмысқа деген адалдығын, ал әдемі гүл мен кітап – жанының нәзіктігі мен рухани байлығын айғақтайды.
«Мен үшін судья болу – билік емес, сенім мен әділеттің жауапкершілігі. Адам баласының тағдырына жай көзқараспен қарауға болмайды. Әрбір іс – терең зерделеуді, сабыр мен шындықты қажет етеді»,-дейді аудандық соттың тергеу судьясы Нұргүл Сауленқызы.
Біз өз ісінің майталман шебері, жоғары біліктілікті маманға төл мерекесінде кәсіби өрлеу мен парасат биігінде әділдік туын асқақтата беруін тіледік.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Жанкелдин ауданы
