6 мая, 2025
«Baitursynuly University ашық есік күні»: оқушылар Ахаң ордасында қонақта

«Baitursynuly University ашық есік күні»: оқушылар Ахаң ордасында қонақта

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті өңір мектептерінің оқушылары, колледж студенттері және барша ниет білдірушілер үшін есігін айқара ашты.

Бұған дейін де болашақ жоғары мамандық иелерін таңғалдырып келген іс-шара бұл жолы да өзінің креативті форматымен келушілердің айтарлықтай қызығушылығын тудырғаны анық. Экономика және құқық факультеті мен әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің студенттері мен оқытушылары қонақтарды ерекше бағдарламамен қарсы алып жатыр.

Айталық, интерактивті көрмелерде саусақ іздерін алу үшін арнайы чемодан қойылған, онда психологиялық тестер алынады, түрлі кезеңде қолданыста болған есептеу машиналары таныстырылады. Кәсіби кеңестер, танымдық викториналар және имидждік сыйлықтар ұсынылады. Қонақтар, ең бастысы, университет студенттерімен еркін әрі шынайы әңгімелесіп, өздеріне қажетті ақпарат алды. Ұйымдастырушылар меймандарға экскурсия өткізіп, шығармашылық өнерін көрсетті. Бұл іс-шара жастардың оқу ордасының өмірі мен білім алу процесіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Қостанай қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №27 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Алуа Адамбекова осындай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр. Оқу орнына алғаш келгенде, оның атмосферасы бірден ұнапты.

«Мектеп бітірген соң мүмкін осы оқу орнының студенті атанармын», – деп ағынан жарылды ол.

Алуа болашақ мамандығын әлі нақты таңдай қоймағанын айтты. Дегенмен ол журналистика саласына қызығушылығы барын, сондай-ақ ІТ саласын да зерттеп жүргенін жеткізді. Қонақтар университеттің бас ғимаратында өткізілген экскурсияларға қатысып, шеберлік сабақтарын тыңдады. Флешмобтар мен түрлі іс-шара — олардың ерекше есінде қаларлық оқиға.

«Биыл алғаш рет ұйымдастырылған Ашық есік күні жоғары деңгейде өтіп отыр. Қатысушылардың арасында біздің кафедраға қызығушылық бар екенін байқадық. Студенттер білімге құштар әрі жоғары мақсат қойып, болашақ мамандықтарын таңдауға белсенді түрде атсалысуда», – дейді Экономика және қаржы кафедрасының аға оқытушысы Бақытгүл Ахметжанова.

Сондай-ақ іс-шарадан кейін университеттің акт залында концерт қойған студенттер мен ұстаздар келген қонақтарды құттықтап, оқу орнының жетістіктерін айтып берді.

Экономика және құқық факультетінің деканы Айдар Байкин университеттің білім беру мүмкіндіктері туралы айтып өтті. Оның мәліметінше, факультет үш білім беру деңгейін ұсынады: бакалавриат, магистратура және докторантура. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы студенттер еуропалық университеттерде қос дипломды білім алу мүмкіндігіне ие. Мысалы, Литвада бір жыл оқыған студенттер екі дипломға ие болып, еуропалық тәжірибені меңгереді.

Бұл – керемет мүмкіндік. Біз студенттерге тек теориялық білім емес, тәжірибелік дағдылар да береміз. Олар аймақтың ірі компанияларында тәжірибе жинақтайды, – деп атап өтті декан.

Шәкірттер ән мен күйден шашу шашып, көрермендермен бірге «Своя игра» ойынын ұйымдастырып, би флешмобіне жалғасты. Ең бастысы, білім беру бағдарламалары бойынша кеңес беріліп, кафедраларға экскурсия жүргізілді. Оқушылар бас ғимараттың зертханалары мен студияларын аралап қана қоймай, өз қолдарымен жасап көру мүмкіндігіне ие болды.
Келушілердің ерекше назар аударған мамандығы – журналистика. Бұл мамандыққа түсу үшін шығармашылық емтихан тапсыру керек. ҰБТ-да оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы есепке алынады. Ал қалған екі пәннен университет қабырғасында шығармашылық емтихан тапсырасыз. Биыл оқу ордасында бірегей медиа студия ашылған болатын. Келушілер ақпараттық кеңістіктің ерекшеліктеріне тереңірек үңілді.
Алдағы уақытта Ахаң атындағы орда тағы екі «Open day» өткізуді жоспарлап отыр. 11 сәуір күні 15.30-да ауыл шаруашылығы ғылымдары, машина жасау, экология, ветеринария, энергетика, IT бағытындағы мамандықтар (Абай даңғылы, 28), ал 18 сәуірде сағат 15.30-да педагогикалық институтта (Тәуелсіздік көшесі, 118) педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары ұсынылады.
Барлық сұрақтарды 8 705-450-30-55 телефоны арқылы біле аласыз.

Бағдат Мұсабек,

ҚӨУ студенті

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК