Азамат үні – мемлекет ісінде

Азамат үні – мемлекет ісінде

Бәрімізге белгілі, биыл жаңа Конституциямыз күшіне енді. Референдумда отандастарымыздың көбі тарихи құжатты қолдап дауыс берді.
Жаңа Конституцияның мен тоқталғым келген бір маңызды қыры – азаматтың мемлекет өміріндегі рөлін тек сырттан бақылаушы деңгейінде қалдырмай, қоғамдық және мемлекеттік үдерістердің қатысушысы ретінде айқындауы. Конституцияда Қазақстан азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүгінуге, жеке және ұжымдық өтініштер жолдау құқығы бекітілген. Сонымен бірге азаматтардың сайлауға, сайлануға және жалпыхалықтық референдумға қатысу құқығы қарастырылған.
Мұның мәнін тек сайлау кезеңімен шектеуге болмайды. Азаматтың мемлекет ісіне араласуы күнделікті өмірде де көрінеді. Өз ауылының немесе қаласының мәселесін көтеру, жергілікті атқарушы органға ұсыныс жолдау, қоғамдық талқылауға қатысу, депутаттарға мәселе жеткізу, қоғамдық бастамаларды қолдау – мұның барлығы азаматтық қатысудың көріністері. Яғни Конституциядағы азаматтық белсенділік ұғымы сайлау жәшігінің алдында ғана аяқталмайтыны белгілі.
Бұл тұрғыда жергілікті деңгейдің маңызы ерекше. Өйткені тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететін көптеген мәселе – жол, ауыз су, абаттандыру, мектеп, медициналық қызмет, қоғамдық көлік, ауылдың инфрақұрылымы жергілікті деңгейде шешіледі. Сондықтан азаматтың өз аумағында болып жатқан мәселелерге араласуы мен өкілді органдардың жұмысына қызығушылық танытуы мемлекеттік басқару мәдениетінің маңызды бөлігі.
Жаңа конституциялық құрылымда Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде белгіленген. Конституциялық Сот та мемлекеттік жүйедегі маңызды институттардың бірі ретінде айқындалып, оның құрамын қалыптастыру мен конституциялық бақылауға қатысты өкілеттіктері нақтыланған. Бұл ретте азамат үшін мемлекеттік институттардың атауынан бұрын олардың қандай функция атқаратынын түсіну маңызды.
Меніңше, Конституцияны қоғамға түсіндірудің бір бағыты дәл осы азаматтық қатысу мәдениетіне арналуы керек. «Мемлекет мен үшін не істейді?» деген сұрақпен қатар, «Мен өзім мемлекет пен қоғам өміріне қалай қатыса аламын?» деген сұрақ та қойылуы қажет. Себебі құқықтық мемлекет тек жақсы жұмыс істейтін институттардан тұрмайды. Оның тұрақтылығы өз құқығын білетін, заңды құрметтейтін және қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтарға да байланысты.
«Келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» — деп Конституция преамбуласында атап көрсетілгендей, еліміздің ертеңі мен тұрақтылығы әрқайсымыздың саналы қадамдарымыз бен белсенді ұстанымымызға тікелей байланысты.
Бұл, әсіресе, жастар үшін маңызды. Жастардың қоғамдық бастамаларға араласуы, жергілікті мәселелерге пікір білдіруі, заңды жолмен ұсыныс енгізуі – азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Конституция осы мүмкіндіктердің құқықтық негізін айқындап береді.

Әсел ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
Қостанай облысы әкімдігі
Қоғамдық даму басқармасы
басшысының міндетін атқарушы