Жаңа Конституцияны тек мемлекеттік билік жүйесін реттейтін құқықтық құжат ретінде қабылдау жеткіліксіз. Оның мазмұнында елдің ұзақ мерзімді дамуына қатысты маңызды құндылықтар да көрініс тапқан. Атап айтқанда, білім, ғылым, инновация, адам капиталын дамыту, еңбекқорлық, прогресс және қоғамның әл-ауқатын арттыру мәселелеріне мән берілуі Конституцияның болашаққа бағдарланған сипатын көрсетеді.
Қазіргі әлемде елдің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның адами капиталына байланысты. Технология өзгеріп жатыр, жаңа мамандықтар пайда болуда, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер экономиканың көптеген саласына еніп келеді. Осындай жағдайда адамның білім алуы, жаңа дағдыларды меңгеруі және кәсіби тұрғыдан дамуы жеке басының жетістігі ғана емес, мемлекеттің де даму мүмкіндігіне айналады.
Сондықтан Конституциядағы білім мен ғылымға қатысты бағыттарды тек білім беру саласының мәселесі деп қарамаған жөн. Мектептегі білімнен бастап кәсіптік-техникалық оқытуға, жоғары білімге, ғылымға, технологияға және инновацияға дейінгі барлық бағыт бір-бірімен байланысты. Өңірлер үшін бұл әсіресе өзекті. Себебі жергілікті экономиканың болашағы да сол аймаққа қажетті мамандарды дайындау сапасына тәуелді.
Екінші маңызды мәселе – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Конституцияда табиғатты қорғау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, тарихи және мәдени мұраны сақтау мәселелеріне де мән берілген. Азаматтардың тарихи-мәдени мұраны сақтауға және тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндеті белгіленген. Бұл қағиданы экологиялық немесе мәдени акциялардың бір күндік ұраны ретінде емес, азаматтық жауапкершіліктің тұрақты бөлігі ретінде қарастырған жөн.
Мәселен, өзен-көлдерді ластамау, суға ұқыпты қарау, елді мекенді таза ұстау, ағаш отырғызу, тарихи нысандарды сақтау – сырттай қарағанда қарапайым әрекеттер. Бірақ осындай күнделікті әдеттердің жиынтығы қоғамның жалпы мәдениетін қалыптастырады. «Таза Қазақстан» сияқты бастамалардың да мәнін осы тұрғыдан түсіндіруге болады: қоршаған ортаға жауапкершілік тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Қорытындылай келе, жаңа Конституцияның болашаққа бағдарланған маңызды бағыттарының бірі – білім мен адам капиталын дамыту. XXI ғасырда елдің басты байлығы тек табиғи ресурстар немесе экономикалық мүмкіндіктер емес, білімді, білікті және еңбекқор адам болып табылады. Білім – жаңа технологияны игерудің, ғылым мен инновацияны дамытудың және қоғамның алға жылжуының басты факторы. Сондықтан сапалы білім беру, жастардың жаңа дағдыларды меңгеруі және кәсіби дамуына жағдай жасау – елдің болашағына салынған инвестиция. Адам капиталы неғұрлым мықты болса, мемлекеттің де даму мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Төлеу ПАНИЯЗ,
Әлеуметтік ғылымдар магистрі, саясаттанушы
