Елді мекен ішінде жайылған жылқыны атып кеткен. «Айдалада қаңғыған ит пен мысық емес, ақ адал малым ғой», – деп Б.Майлин ауданы Новоильин ауылының тұрғыны Шоқан Ұябаев редакциямызға шағымданды.
Оның айтуынша, сауындағы бір биесі 25 тамыз күні жоғалып кеткен. Қас қарайғанша іздеп таппаған соң келесі күні бозала таңнан іздеуге қайта шығыпты.
«Таңғы сағат 6 кезінде өлексесін тауып алдым. Шеткі үйден 300-400 метрдей жерде жатыр екен. Биенің оң жақ бас терісін кесіп, көзін ойып алып кеткен. Мылтықпен атқаны анық. Учаскелік полиция қызметкеріне болған жайды айтып, аудан орталығындағы полиция бөліміне барып арыз жаздым. Ауылымыздың мал дәрігері келіп, сараптама жасағанда бас сүйегінен оқтың бытырасына ұқсас домалақ түйнек табылды», – дейді Шоқан Ұябаев.
Шағым білдіруші қаскөй алыстан емес деп отыр, ауылдастарының бірінен күдіктенеді. Өйткені сол адам тұрғындардың мессенджердегі ортақ тобында жайылып жүрген малды жақтырмай, «алып кетіңдер, менің аулама жақындаса, аяғын сындырамын» деп жазба қалдырған.
«Мұның бәрі жайылым жоқтығынан. Жағалай жекенің қолында. Шабындықты шауып алған, ал ауыл іргесіндегі жер – қу тақыр. Мал ауылға кірмегенде қайда барады? Бірақ ауылға кірді екен деп, осылай өлтіре берсе не болады? Отбасымды асырап отырған азын-аулақ сауын биелерімнің бірі еді. Жылқыға мылтық кезеген қаскөй кінәсін мойнымен көтеруі керек», – деп ауыл тұрғыны бізге оқиға орнынан түсірілген сурет, бейне айғақтарды жолдады.
Облыстық полиция департаменті осы жағдайдан хабардар екен. Баспасөз қызметіне жіберген сұрағымызға мынадай жауап келді: «Бөтеннің мүлкін қасақана жою, залал келтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде».
Шоқан құқық қорғау органдары малды өлтірген адамды тауып, әділ шешімін шығарады деген үмітте.
Айтпақшы, бұл мәселе облыстық деңгейде көтеріле бастаған күні-ақ (1 қыркүйекте – ред.) күдіктілер өлексені маңайдағы шұңқырға көміп кеткені белгілі болды. Өлген малдың топырақ астына жартылай көмілгенін (артқы екі аяғы көрініп жатыр) дәлелдейтін бейнежазбаны жолдаған шағымданушы тарап «бұл да қаскөйдің алыстан емес екенін білдіреді» дейді.
Аслан Қанғожин
